Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов тамыз айының 11 күні Жамбыл облысына арнайы жұмыс сапарымен келді. Бірінші кезекте өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Кеңесте облыс басшысы Нұржан Нұржігітов өңірдегі өзекті мәселелерді шешудегі қадамдар және атқарылып жатқан жұмыстар мен жобалар жайлы баяндады.
Нұржан Молдиярұлының айтуынша, ағымдағы жылдың 7 айында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 510,1 млрд. теңгені құрап, өсім деңгейі 7,8%-ға жеткен. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі сала бойынша 72%-бен басымдыққа ие болып отыр. Драйверлер – минералды тыңайтқыштар өндірісі 3,2 есе, қант 8,9%, ірімшік және сүзбе 5,9%, аяқ-киім 20,2%-ға өскен. Биылғы жылдың есепті кезеңінде өңірге 241,0 млрд. теңге инвестиция тартылып, өсім 15,9%-ды құрағанын облыс әкімі баяндады.
Президент Қ.К.Тоқаев Жолдауында 2025 жылға дейін ауыз сумен 100% қамтамасыз етуді міндеттеді. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында 13,6 млрд. теңгеге 54 жобаны жүзеге асыру жоспарланды. Жобаға сәйкес 32 елді мекен және 6 тұрғын алқап сумен қамтылады. Кешенді жұмыстарға сәйкес ауылды елді мекенде 96,5%-ға, қалада - 97,5%-ға сумен қамту деңгейі артады. Облыс бойынша 3,3 шақырым көше жолдары құрылыспен, 11,4 шақырым жол қайта жаңғыртумен, 785,6 шақырым жол орта жөнделіп, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі 97%-дан 98%-ға дейін жетеді, - деді Нұржан Нұржігітов.
Премьер-Министр қазіргі таңда Жамбыл облысындағы маңызды тақырыптардың бірі су мәселесі екенін алға тартып, өңірдегі 367 ауылдың 285-і ғана ауыз сумен қамтылғанын атап өтті. Сондай-ақ су тарту бойынша да проблемалар барын, яғни 60 жыл бұрын салынған ағын суларды сүзу алаңдарының әбден ескіріп, облыс орталығында кәріз-тазарту құрылыстары жоқтығын сынады. Шу, Талас өзендеріндегі су деңгейінің төмендеуінен және тозығы жеткен суару жүйелерінің салдарынан өңір егіншілерінің зардап шегуін тоқтату бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.