ТАРАЗ ҚАЛАСЫНДА 6 ҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Жаңалықтар
14.08.2023, 14:37
ТАРАЗ ҚАЛАСЫНДА 6 ҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Баспана мәселесі қай уақытта да өзекті тақырыптардың бірі. Еліміздегі әлеуметтік саясаттың негізгі бағыты осыны тиімді жолмен шешуге арналған. Баспанасыз жүрген қазақстандықтарды сапалы әрі қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету жолдары мемлекет тарапынан мүмкіндігінше шешіліп жатыр. Жамбыл облысында да баспана мәселесі жыл сайын оң нәтиже көрсетіп келеді. 

Тараз қаласындағы «Ұлы дала» шағын ауданында 460 пәтерлі 6 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, қала халқын қуантты. Салтанатты шараға облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, ардагерлер кеңесінің мүшелері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Абдалы Нұралиев жаңа баспана иегерлерін құттықтап жылы лебізін білдірсе, қала әкімі Бақытжан Орынбеков тұрғын үй мәселесін шешудегі атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

- «Соңғы он жылда Тараз қаласында жаңа ықшам аудандар бой көтеріп, тұрғын үй саны арта түсті. Жалпы, соңғы 4 жыл көлемінде Тараз қаласы бойынша 5 800 пәтер берілсе, мемлекеттік бағдарламалар арқылы 3 844 азамат баспаналы болды. Ал пәтер кезегінде тұрған 1 956 азамат баспанаға қол жеткізді. Сондай-ақ, биыл қала аумағында 42 тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Жыл қорытындысымен 2 820 пәтерлі тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табады», – деген қала әкімі «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы баспанаға алған бірқатар қоныс той иелеріне пәтер кілттерін табыстады.

Жамбыл облысында 2019-2022 жылдар аралығында «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 1 154 отбасы жаңа баспанаға ие болған. Сонымен қатар, биыл жыл соңына дейін жаңа тұжырымдама бойынша 1 040 пәтерге 16 нысанды іске асыру жоспарлануда. Айта кетейік, жастарды қолдау үшін «Әулие ата жастары» бағдарламасы аясында аясында ағымдағы жылы 140 жас баспаналы болса,  «Асар» жобасының да халыққа зор пайдасы тиіп келеді.

Сұхбат

PhotoRoom