Қазақстанда мерзімінен бұрын босатылған ірі саясаткерлер

Саясат
22.08.2020, 23:43

Тоқаев жемқорлықпен сотталғандарды шартты түрде босатуға тыйым салды

Қазақстанда мерзімінен бұрын босатылған ірі саясаткерлер
Фото: newtimes.kz

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлықпен сотталғандарды шартты түрде босатуға тыйым салды.

«Жемқорлықпен күрес мәселелері жөніндегі кеңесте сыбайлас жемқорлық бойынша сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға заң жүзінде тыйым салуды тапсырдым», - деп жазды ол.

Еске сала кетейік, осы күнге дейін ірі көлемде мемлекет қаражатын жымқырды, мемлекеттік құпияны жария етті деп сотталған бірқатар саясаткерлер шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды. Бүгін солардың бір парасына тоқталайық.

2017 жылдың 21 қыркүйегінде бұрынғы премьер-министр Серік Ахметов мерзімінен бұрын шартты түрде колониядан шықты.

Еске салайық, Серік Ахметов 2014 жылдың қарашасында үй қамауына алынған болатын. Сот отырысы 2015 жылдың тамызында басталып, төрт айға жалғасты. Қылмыстық іс 338 томға жетті, оның 9 томы айыптау актісі. Жалпы 82 сот отырысы өтті. Іс бойынша 260 куәгерден жауап алынды. Процесске 4 мемлекеттік айыптаушы және 42 адвокат пен қорғаушы қатысты. Қазіргі заңнамаға сәйкес, соттың әділ өтуі үшін отырыстың ашық саясатын ұстану бойынша сәйкес шаралар жүргізілді. Ал 2015 жылдың желтоқсанында сот оны 10 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Келген шығынды өтегеннен кейін оның жазасы 8 жылға қысқарған. 

Мемлекеттік құпияны жария еткені үшін сотталған Майлыбаев мерзімінен бұрын босап шықты.

11 маусымда Нұр-Сұлтан қалалық соты Президент Әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары Бағлан Майлыбаевтың мерзімінен бұрын босап шыққанын айтты.

«Сотталған Б. Майлыбаев жазасының өтелмеген бөлігі бойынша мерзімінен бұрын босап шығу туралы өтініш білдірді. Сот өтінішті қарай отырып, оның заңмен белгіленген жазасын, мекеме әкімшілігінің оң мінездемесін, ішкі тәртіп ережелерін сақтауын, ескерту алмағанын, 9 бірдей көтермелеуге ие болғанын, өзін-өзі ұстаудың үшінші оң деңгейін, жұмысқа тұру мүмкіндігінің барын, іс бойынша басқа арыздың жоқтығын назарға алды. Осыған байланысты Нұр-Сұлтан қаласының Байқоңыр аудандық №2 соты 2020 жылдың 14 мамырында Б.Майлыбаевтың мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырды. Ол аяқталмаған 1 жыл 4 ай 21 тәуліктік мерзімінде пробациялық бақылауда болады», - деп хабарлады.

Сонымен қатар сот Б.Майлыбаевқа ішкі істер органдарына келіп есеп беріп тұруды, тұрғылықты жерінен кетпеуді және ауыстырмауды, жұмыстан тыс уақытта ішкі істер органдары рұқсат етпейтін орындарға бармауды, ҚР аумағынан тыс жерге бармауды міндеттеді.

2019 жылдың 15 қазанынада Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз қызметі Президент Әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары Бағлан Майлыбаевтың шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініш жасағанын, алайда, сот алқасы оның өтінішін қараудан бас тартқанын хабарлаған еді.

Естеріңізде болса, 2017 жылдың 16 қаңтарында Қазақстан ҰҚК баспасөз қызметі ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары Бағлан Майлыбаев сот шешімімен қамауға алынды деген хабарлама таратты.

2019 жылдың 11 қазанында бюджет ақшасын жымқырды деп 10 жылға сотталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев түрмеден босап шықты. 

Еске салайық, Қуандық Бишімбаев 2018 жылдың 14 наурызында 10 жылға сотталған. Сот Бишімбаевты Қызылорда қаласында салынуы тиіс шыны зауытына бөлінген 1 млрд теңгені жымқырды, пара алды деген баптар бойынша кінәлі деп тапқан.  Бишімбаевпен бірге «Байтерек Development» АҚ лауазымды топ-менеджерлері, кәсіпкерлер, ұзын саны 22 адамға айып тағылған. 2018 жылдың 29-шы желтоқсанында Түркістан облысының Төле-би аудандық соты Бишімбаевты жалпы режимге ауыстырған болатын. Оған дейін экс-министр өзін қоныс колониясына аударуға өтініш жазған. Кейін Шымкенттегі қауіпсіздігі орташа деңгейдегі түзету мекемесіне ауыстырылды.

2020 жылдың 18 маусымында мемлекеттік құпияны ашты деп айыпталған Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Нартай Дүтбаев шартты түрде бостандыққа шықты. 

Нартай Дүтбаев ҰҚК-ны 2001 жылдың желтоқсанынан 2006 жылдың ақпанына дейін басқарды. Кейін ҰҚК-ның “Арыстан” бөлімінің оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбаевтың өліміне қатысы бары белгілі болған соң отставкаға кетті.

2016 жылы желтоқсанда Дүтбаев “мемлекеттік құпияны ашты” деген күдікпен ұсталған. 2017 жылы тамызда Ақмола гарнизонының әскери соты оны “мемлекеттік құпияны ашты” және “қызметін асыра пайдаланды” деп 7,5 жылға соттады. 2018 жылы қаңтарда дәл осы сот оны “ақша жымқырды” деп айыптады. Сот екі жазаны біріктіріп, Дүтбаевты 12 жылға бас бостандығынан айырды.

2018 жылы күзде Дүтбаев “ТуранӘлем” банкінің басқарманың экс-басшысы Ержан Тәтішевтің өліміне қатысты сотта куәлік етті. Бұл сот бойынша Мұхтар Әбілязов айыпталған еді. Дүтбаев өз сөзінде Әбілязов пен Тәтішев арасында “мүлікке байланысты келіспеушілік болды” деген.

2019 жылы қаңтарда Жоғарғы соттың қылмыстық істер бойынша кассациялық алқасы бас прокуратураның шағымын қанағаттандырып, Дүтбаевтың түрме жазасын 12 жылдан 11 жылға қысқартқан.

2020 жылдың 19 наурызында Мұхтар Жәкішев шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. 

"Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясының бұрынғы басшысы 2009 жылы ірі уран кен орындарындағы мемлекет акцияларын сатты деген айыппен ұсталған. 2010 жылы сот Жәкішевті ақша жымқырды және пара алды деп айыптады. Оған 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.

2018 жылы 28 қарашада Семей соты 99,6 млрд теңге көлемінде өтемақы төлемегендіктен Жәкішевті шартты түрде мерзімінен бұрын бас тартты. Екінші рет, шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тартты. 2019 жылдың 24 шілдесінде де осы негіздегі өтініш қанағаттандырылмады. Ол шартты түрде мерзімінен босату туралы үшінші өтініш жолдады. Ол сотқа 6 ақпанда келіп түсті.

Сұхбат

PhotoRoom