«AMANAT» партиясы дәстүрлі «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауының басталғанын хабарлайды. Биыл әдеби конкурс Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы – Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына орайластырылып отыр.
Партияның «Ұлттық мұра» жобасы аясында Жазушылар одағымен бірлесіп өткізіп келе жатқан «Ұлы Дала» республикалық шығармашылық байқауы осымен бесінші мәрте ұйымдастырылуда.
Шығармашылық доданың басты мақсаты – ұлттық және рухани құндылықтарды паш ететін бүгінгі отандық авторлардың шығармаларын қолдау және насихаттау. Сонымен қатар, Мағжан Жұмабаевтың шығармаларындағы ойларды жаңғырту арқылы ағартушының еңбектері мен қайраткерлік ұстанымын өскелең ұрпаққа дәріптеу.
Байқауға қатысушылар бес номинация бойынша бақ сынайды: «Проза», «Поэзия», «Драматургия», «Әдеби сын» және «Балаларға арналған шығарма». Бұдан бөлек, байқауда «Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығы» және «Алаш аманаты» арнайы жүлделері де қарастырылған.
Қатысушыларға қойылатын барлық талап пен байқау шарты белгіленген ереже мәтіні бүгін БАҚ-тарда, партияның ресми сайтында, әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланады.
Шығармалар бүгін, яғни 11 қыркүйектен бастап, 10 қарашаға дейін қабылданады. Ережеге сай еліміздің барлық өңіріндегі партияның аймақтық филиалдарында ұйымдастыру комитеттері құрылады. Әрбір аймақтық ұйымдастыру комитеттерінде байқауға қатысушылардан шығармаларды қабылдап алатын арнайы электронды мекенжайлар ашылды.
Осыған орай, келіп түскен шығармаларды аймақтардағы ұйымдастыру комитеттері ереженің талаптарына сәйкес тексеріп, партияның Орталық аппаратында құрылған Республикалық ұйымдастыру комитетіне жолдайды. Өз кезегінде аймақтардан келіп түскен шығармаларды Республикалық ұйымдастыру комитеті тексерістен өткізіп, арнайы бүркеншік есіммен аikyn.kz сайтынан ашылған «Ұлы дала» байқауы айдарында күнделікті жариялап отырады. Қызығушылық танытқан кез келген оқырман шығармалармен сол жерден таныса алады