ТҰРҒЫН ҮЙ, ИНФРОҚҰРЫЛЫМ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Жаңалықтар
13.09.2023, 19:51
ТҰРҒЫН ҮЙ, ИНФРОҚҰРЫЛЫМ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ


Өңірдегі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, елді мекендердің сәулеттік келбетін жақсарту және абаттандыру саласында атқарылып жатқан құрылыс жұмыстары мен онда туындаған өзекті мәселелердің барысы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте қаралды.

Облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Данияр Әбдібеков аймақтағы осы салаға қатысты жұмыс барысымен таныстырып, биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жалпы құны 6,6 миллиард теңгені құрайтын 50 жоба, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» аясында жалпы құны 32,4 миллиард теңгелік 112 жоба, «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде жалпы құны 15,1 миллиард теңгені құрайтын 7 жобаны жүзеге асыру жоспарланғанын айтты.

Ағымдағы жылдың сегіз айында жалпы алаңы 389,9 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін 698,7 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделген. «Асар» жобасы шеңберінде жыл соңына дейін 105 үй салу жоспарланып отыр.

Осы тұста облыс басшысы құрылыс саласындағы бірқатар проблемаларға тоқталды. Атап айтқанда, тәртіп мәселесі, яғни мердігерлердің жұмыс кестесін сақтамай, жобаны кестеден кешіктіруі, құрылыс жұмыстарының сапасы сөз етіп, барлық талаптардың орындалуына бақылауды күйшейтуді тапсырды. 

Сонымен қатар, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев баяндама жасады. Оның айтуынша, жыл соңына дейін халықты таза ауыз сумен жабдықтау қызметімен қамту аудандарда 96,5 пайызға, қалаларда 97,5 пайызға дейін жеткізіледі. 9 мың адам тұратын 11 елді мекен табиғи газбен қамтылып, тұрғындарды газдандыру үлесі 91,1 пайызға артады. Облыста жалпы қуаттылығы 451,3 мегаватты құрайтын жаңартылатын энергия көздерінің 21 нысаны жұмыс істеп тұр. Оның 6-ы су, 9-ы жел, 6-ы күн электр станциялары. Бұл республикалық көрсеткіштің 20 пайызын құрайды. Сондай-ақ, жиында жылу беру маусымына дайындық және халықты көмірмен қамтамасыз ету мәселелері де сөз болды.

-Инвестициялық жобаларды сәтті жүзеге асыру үшін инфрақұрылым қолжетімді және сапалы болуы керек. Бұл мәселеде біз облыстың әлеуетін барынша пайдалануымыз керек, – деді аймақ басшысы.

Сұхбат

PhotoRoom