Жамбыл облысының химия өнеркәсібі мен өзге де кәсіптерді дамытуға әлеуеті зор екендігі және өңір экономикасы үшін инвестиция тарту маңыздылығы аймақ әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен инвесторлар кеңесінде талқыланды.
Ағымдағы жылы облыстың қаңтар-тамыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысына сәйкес, негізгі капиталға 268,1 миллиард теңге инвестиция тартылып, нақты көлем индексі 108 пайыз деңгейінде қалыптасқан.
Облыс басшысы инвесторлармен жиі кездесу арқылы бизнес мәселелерін жедел шешуге, инвестициялық жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге және дамыту бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауға болатынын жеткізді.
Жиын барысында облыс көлемінде ірі жобаларды жүзеге асырушы инвесторлар атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндап, негізгі проблемаларды ортаға салды. Сондай-ақ, өз ұсыныстарын білдіріп, пікір алмасты. Облыс әкімі кәсіпорын басшыларының көтерген мәселелерін шешу бойынша жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеп, арнайы іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.
- Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру, импортқа тәуелділікті барынша азайту, қоғамдық әл-ауқатты арттыру секілді мәселелерді шешу бойынша берген тапсырмаларын тыңғылықты орындау қажет. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика қалыптасқан. Ел дамуындағы оң өзгерістер бизнеспен тікелей байланысты болғандықтан саяси реформаларды бірлесе жүзеге асыру керекпіз, - деді Ербол Қарашөкеев
Айта кетейік, кеңеске «МХК «ЕвроХим» АҚ бас директордың арнайы жобалар жөніндегі орынбасары Катерина Дьяченко, «YILDIRIM» компаниялар тобының сода күлі мен туынды құралдарын өндіру жөніндегі CEO бас директоры Исмайл Джейлан, «Кazakhmys Holding» ЖШС директоры Сәкен Шаяхметов, «Шоқпар ЖЭС» ЖШС жоба-менеджері Наурызбек Жумагазин, «Talas Investment Company» ЖШС қаржы бөлімінің бастығы Азиз Мусаев, «Tas market» ЖШС директоры Алмасбек Омаров, «Monterra Qazaqstan» ЖШС директоры Дәулет Сейдахметов және тағы да басқа компаниялардың басшылық өкілдері қатысты.