«AMANAT» пен Вьетнам Компартиясы арасындағы белсенді диалог жалғасуда

Жаңалықтар
18.10.2023, 17:34
«AMANAT» пен Вьетнам Компартиясы арасындағы белсенді диалог жалғасуда

«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық Комитеті сыртқы байланыстар жөніндегі бөлім меңгерушісінің бірінші орынбасары Нгуен Тхи Хоанг Ванмен кездесті.

Дәулет Кәрібек атап өткендей, екі елдің мемлекетаралық қатынасы өте тиімді дамып келеді. Жақында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнамға ресми сапармен барды. Ал өткен айда Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Вьетнам Ұлттық жиналысы Төрағасының орынбасары Нгуен Хак Динмен кездесті.

«AMANAT»-тың Атқарушы хатшысы екі мемлекет арасында дәстүрлі достық қарым-қатынас үзбей жалғасып келе жатқанына назар аударды.

«Вьетнам Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы сенімді серіктесі саналады. Жүйелі саяси коммуникация, парламентаралық өзара іс-қимыл, тығыз сауда-экономикалық ынтымақтастық және мәдени-гуманитарлық байланыс мемлекеттеріміз арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етеді. Вьетнамның жеткен жетістіктеріне көз жүгірте отырып, Коммунистік партия елдің дамуы мен өркендеуіне ерекше үлес қосты деп айтуға толық негіз бар», – деді ол.

Өз кезегінде, Нгуен Тхи Хоанг Ван Вьетнам Компартиясы мемлекеттер арасындағы достық қатынастарды одан әрі нығайту мақсатында «AMANAT» партиясымен ынтымақтастықты жандандыруға ниетті екенін растады.

«Қазақстан кейінгі жылдары көп жетістікке жеткеніне қуаныштымыз. Экономикалық және саяси салаларда кең ауқымды реформалар жүргізілді. Қазақстанның өңірдегі және әлемдегі рөлі үздіксіз артып келеді және бұл жетістіктерде «AMANAT» партиясы маңызды рөл атқарады», – деді ол.

Нгуен Тхи Хоанг Ван «AMANAT» партиясының өкілдерін алдағы жылы Вьетнамға шақырды және ынтымақтастық туралы жаңа меморандумға қол қою жөнінде бастама көтерді. Сонымен қатар, спикер екі партияның халықаралық ұйымдар алаңындағы, атап айтқанда Азиядағы саяси партиялардың халықаралық конференциясындағы ынтымақтастығының тиімділігін атап өтті.

Сұхбат

PhotoRoom