Көне қалашық туристік нысанға айналады

Аймақ
26.08.2020, 15:01

Шымкент қаласы - Түркістан мен Ташкентке жақын орналасқандықтан туристік инфрақұрылымның дамуына мүмкіндік бар

Көне қалашық туристік нысанға айналады
Фото: Береке Сейітжаппар

Шырайлы Шымкенттің тарихын зерттеуші ғалымдардың пайымдауынша қаланың жасы – 2200 жыл. Бұған қала аумағында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған көптеген құнды, көне жәдігерлер де дәлел бола алады. Сол себепті де «Шымкент қалашығын» реставрациялау және музейлендіру жөніндегі «Цитадель» жобасы қолға алынған болатын.

Қазіргі таңда бұл ескі қалашықтың құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бір айта кетерлігі қала ортасындағы ортағасырлық цитаделдің орны туристер мен қала тұрғындарының аса қызығушылығын туғызып отыр. Онда амфитеатр, ежелгі мұражай мен галереялар бой көтерілуде. Яғни, бұл тарихи құндылығы зор көне қалашық Шымкентті туристік нысанға айналдыруы сөзсіз. Бұл жөнінде Шымкент ақпараттық-коммуникациялық орталығы хабарлады.

Шымкент қаласына іс-сапармен келген ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков: «Шымкент – туристер үшін өте қызық әрі әсем қала. Мұнда жайлылық пен ерекше жылылық бар. Цитадель Шымкент қаласындағы ең тарихи әрі туристік нысан болады. Жобаның аяқталғандағы келбетін тамашалауға бәріміз асықпыз. Мұнда Қазақстанды тануға құштар тарихшылар мен туристерді тартамыз. Сол себепті бұл жұмыстардың ауқымы мен маңызын сезініп, абыроймен атқаратындарыңызға сенемін», – деді.

Бұл – өз кезегінде Шымкент қаласында туристік салада даму перспективалары кеңейеді деген сөз. Сонымен қатар, Шымкент қаласының Түркістан мен Ташкентке жақын орналасуы туристік инфрақұрылымының дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына нақты серпін береді.

Сұхбат

PhotoRoom