Заңсыздық пен әдепсіз әрекетке барғандар қатаң жазаланады. Вандализм ішкі мәдениеттің төмендігінен, тәрбиесіздіктен, әлеуметтік жауапкершіліктің жоқтығынан жасалады. Біреу вандализмге ішпей жемей, ақыл-есі бүтін, сау күйінде, ендібіреу ішіп алып, мас күйінде барады. Алайда қоғам вандализмді кім, қандай күйде жасаса да кешірмейді.
Кешірмейді дегеніміз бер жағы, айыптайды, жазалайды. Өйткені қолданыста Президент қол қойған «Қазақстан Республикасының Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстеріне экологиялық құқық бұзушылықтар және вандализм көріністері үшін жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң бар.
Мемлекет басшысының айтуынша, қай қоғамда, қай ортада болмасын, заң және тәртіпке бағынып, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік барлығынан биік тұратын мемлекетке айналуды басты мақсат ету қажет.
«Қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген арандатушылық әрекетке қатаң тосқауыл қою қажет. Өкінішке қарай, құқық қорғау мекемелері және аймақ басшылары осы жұмысты дұрыс атқармай отыр. Басқа сөзбен айтқанда, заң үстемдігін қамтамасыз етпейді. Соның салдарынан қоғамымызда ұдайы келеңсіз оқиғалар болып жатады. Мысалы даладағы, көшедегі вандализм, кейбір азаматтарымыздың тәртіпсіздігі, мәдениетсіздігі, неше түрлі тұрмыстық жанжалдар еліміздің халықаралық аренадағы абыройына нұқсан келтіретін болды. Тағы да айтамын: біздің негізгі мақсатымыз – заңды қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Біз мәдениетті, білімді, ғылымды дамыту арқылы қазіргі ашық әлемнің бір бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек», – деді Президент Қазақстан халқына Жолдауында.
Санасында саңылауы бар кез келген адам осы сөздерді жадына жазып алу керек сияқты. Өйткені барлығымыз қоғамның бөлшегіміз. Оның жарасы да, наласы да, қуанышы да, қайғысы да барлығымызға ортақ.
2023 жылдың соңғы 8 айында Астанада қоғамдық тәртіпті бұзудың 10 мың фактісі тіркелді. «Ашынғаннан шығады ащы даусым» демекші, бейбастақтыққа жол беруге болмайтынын айту үшін қала әкімі Жеңісбек Қасымбеков үндеу жасап: «Кез келген құқық бұзу фактісіне төзбеушілік танытуымыз керек. Қала тұрғындары мен қонақтарын құндылықтарды көздің қарашығындай қастерлеуге, жас ұрпаққа үлгі болуға, вандализмнің алдына алуға шақырамын!», – деді.
Биылғы жылдың басында Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының міндетін атқарушы Азамат Құрымбаев бөтеннің мүлкіне, оның ішінде ортақ пайдаланатын заттарға қасақана зақым келтіру фактілері жиілеп кеткенін, мұндай әрекетке адамдар қасақана баратынын баяндады.
«Биыл 3 қаңтарда Президент «ҚР Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне экологиялық құқықбұзушылықтар мен вандализм көріністері үшін жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» және «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне экологиялық құқықбұзушылықтар мен вандализм көріністері үшін жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Мұнда вандализм қылмыстық бабының диспозициясы анықталды (Қылмыстық кодекстің 294-бабы), оның нормалары «ҚР Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңына сәйкес келтірілді. Сондай-ақ осы құқықбұзушылықтар үшін санкциялардың төмен шегі белгіленді. Енді заң бұзушыға ең төменгі сома – 172 мың теңге немесе 50 АЕК қаралған», – деді ол.
Азамат Құрымбаев бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілгенін, (ӘҚБтК-нің 147-1-бабы), залал 200 АЕК-тен (690 мың теңге) аспайтын жағдайда да айыпұл салынатынын жариялады.
«Ұсақ бұзақылықтың әкімшілік бабының (ӘҚБтК-нің 434-бабы) диспозициясына «Көліктегі немесе өзге де қоғамдық орындарда мүлікті қасақана бүлдіру» және оның құқықбұзушылықтары үшін санкциялар ұлғайтылды. Қылмыстық кодекстің 294-бабының (вандализм) жаңа редакциясын ескере отырып, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 448-бабына сәйкес келтірілген, бұл кәмелетке толмағандардың вандализмі», – деді А.Құрымбаев.
Атап көрсету керек, вандализмге қарсы күресте жастар белсенділік танытып жүр. Бұған «Жастар рухы» жастар қанатының мүшелері мен еріктілерінің қорықтар мен табиғи парктерді, тарихи ескерткіштерді қорғауға атсалысып жүргені дәлел.
Өскелең ұрпақтың «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде орналасқан «Жұмбақтас» жартасы мен Алматы облысындағы «Таңбалы тас» петроглифтеріндегі түрлі жазуларды өшіруі, Шығыс Қазақстандағы «Ақбауыр» шатқалын, Абай облысындағы Ш.Құдайбердиевтің ескерткішін, Ұлытау облысындағы С. Сейфуллиннің, Қарағанды және Жамбыл облыстарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіштерді тазалауы жан сүйсінтеді.