ТАРИХИ ОРЫНДАРДЫ ҚОРҒАУ – КӨРЕГЕНДІЛІК БЕЛГІСІ

Жаңалықтар
01.11.2023, 18:38
ТАРИХИ ОРЫНДАРДЫ ҚОРҒАУ – КӨРЕГЕНДІЛІК БЕЛГІСІ

Жыл басынан бері елімізде мыңға тарта мүлікті қасақана бүлдіру оқиғасы тіркелген. Елімізде қоғамдық орындардағы мүлікті қасақана бүлдіру жиілеген. Аялдама тұрағы, демалыс орындары секілді инфрақұрылым нысандары көп қиратылатын болған. Бүлінген нысандардың ішінде ескерткіштер мен архитектуралық композициялар да бар. Жыл басынан бері елімізде мыңға тарта осындай келеңсіздік болған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Биыл 3 қаңтарда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне экологиялық құқықбұзушылықтар мен вандализм көріністері үшін жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» және «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне экологиялық құқықбұзушылықтар мен вандализм көріністері үшін жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
Мұнда біріншіден, вандализм қылмыстық бабының диспозициясы анықталды және нақтыланды (Қылмыстық кодекстің 294-бабы), оның нормалары «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес келтірілді.
Сондай-ақ осы құқықбұзушылықтар үшін санкциялардың төменгі шегі белгіленді.
Енді заң бұзушыға ең төменгі сома – 172 мың теңге немесе 50 АЕК қаралған.
Екіншіден, бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді (ӘҚБтК-нің 147-1-бабы), яғни залал 200 АЕК-тен (690 мың теңге) аспайтын жағдайда.
Үшіншіден, ұсақ бұзақылықтың әкімшілік бабының (ӘҚБтК-нің 434-бабы) диспозициясына «көліктегі мүлікті қасақана бүлдіру немесе өзге де қоғамдық орындарда», сондай-ақ оның құқықбұзушылықтары үшін санкциялар ұлғайтылды.

Осы ретте, «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты мәдени-тарихи орындарды вандализмнен қорғауға бағытталған акцияны бастады. Бұл туралы «Жастар Рухы» ЖҚ төрағасының орынбасары Ақерке Искандерова былай дейді:
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың соңғы отырысында ерекше атап өткендей, өз жеріне және еліне деген құрмет – «Адал азамат» тұлғасының ең маңызды қасиетінің бірі. Азаматтардың тарихи ескерткіштерді қорғауға деген қызығушылығын жандандыру және өзі туып өскен жеріне, табиғаты мен тарихына жауапкершілікпен қарауға шақыру үшін «Жастар Рухы» жастар қанаты мәдени-тарихи орындарды вандализмнен қорғауға бағытталған акцияны бастады. Акция «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде орналасқан «Жұмбақтас» жартасын тазартудан басталып, оған 50-ден астам белсенді қатысты.
Іс-шара еліміздің басқа аймақтарында жалғасын тапты. Атап өтсек, Алматы облысының жастары «Таңбалы тас» петроглифтерін артық жазулар мен қоқыстардан, Шығыс Қазақстандағы Ақбауыр шатқалын, Абай облысының белсенділері Ш. Құдайбердиевтің ескерткішін, Ұлытау облысында С. Сейфуллин, Қарағанды және Жамбыл облыстарында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіштерді, елордалық жастар Кенесары хан ескерткішін, маңғыстаулық рухтастар «Шақпақ ата», «Сұлтан Үпі» жерасты мешіттерін, сондай-ақ Түркістан облысының белсенділері Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жаппай тазалық жұмыстарын жүргізді».

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде орналасқан «Жұмақтас» жартасы – тек тарихи ескерткіш қана емес, сонымен қатар мәдени мұра. Акцияға волонтерлерге әдістемелік және басқа да жалпы көмек көрсететін Ұлттық парк пен облыстық мәдени мұраны қорғау орталығының мамандары да қатысқан. Өткен жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «AMANAT» партиясының XXII съезінде «ТазаLike» экологиялық тәрбие жобасы басталған еді. Жастар қанатының белсенділері мен жақтастары жоба аясында ел аумағы бойынша мыңға жуық экологиялық акция өткізіп, оған 80 мыңнан астам адам қатысты.
Ал алдағы уақытта «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері мен еріктілері ескерткіштерді ұлттық саябақтар мен тарихи орындардың қоқыстарынан ластанудан қалпына келтіру және тазарту жұмыстары жалғастыратын болады.
«Өңірлерде арнайы орындар таңдап алынып, экологиялық акциямызды белгіленген жерлерде өткізеді. Атаулы бағыт бойынша тек акциямен және сенбіліктермен шектеліп қалмай, кешенді шараларды қамтуды жоспарлаудамыз.
Жастар қанаты әрқашан қоғамдағы патриотизмді дамытуға, оны насихаттауға, туған жерге, елге қамқорлықпен қарап, таза сақтауға шақырады. Жасына немесе кәсібіне қарамастан барлық азаматты ұлттық мұрамызды сақтауға, дамытуға белсенді атсалысуға шақырамыз. Біздің тараптан атқарылып жатқан шаралар мен жобаларға тек белсенділер ғана емес, түрлі бағыт бойынша қызығушылық танытқан азаматтар да қатыса алады. «Жастар Рухы» жобалары арқылы жастардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, олармен тығыз байланыс орнатып, бос уақыттарын тиімді өткізуіліріне себепші болуға ұмтыламыз. Менің ойымша, жас ұрпақтың міндеті - бұл елімізді келесі ұрпаққа таза әрі көрнекті, қаз-қалпында жеткізу», - дейді «Жастар Рухы» ЖҚ төрағасының орынбасары Ақерке Искандерова.

Сымбат ҒАЛЫМЖАН, 
Azattyq Ruhy

Сұхбат

PhotoRoom