Президент «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын ұсынғанына бір жыл өтті. Онда Мемлекет басшысы жаңа тарихи кезеңдегі республиканың негізгі даму бағыттарын белгілеп берді. Бүгінгі таңда отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбы ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Себебі қоғамда орын алып жатқан түрлі жайттар көпшілікті алаңдатуда.
Осы орайда балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданған болатын. Бұған қоса орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызмет жұмысының жаңа қағидаттары бекітілді. Бұл шаралар тиісті мамандардың тиімділігі мен жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Яғни, кез келген білім мекемесінде жұмыс істейтін психолог мамандардың баламен жұмыс істеу барысында олардың кәсіби деңгейі, жұмыс жасау әдісі және оның тиімділігі ескерілетін болады.
Жақында ғана Мемлекет басшысы «Ұлттық қор – балаларға» жобасын 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосу үшін заңнамалық түзетулерге қол қойды. Оның аясында Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы 18 жасқа дейінгі барлық бала арасында бөлінетін болады. Бала қаражатты кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім алуға немесе баспана сатып алуға пайдалана алады. Балаларға қамқорлық жасау, баланың абыройы мен құқығын құрметтеу - бұл тек мемлекеттің ғана емес, сонымен қатар жекелеген әрбір адамның міндеті екенін естен шығармауымыз қажет. Кішкентайларымыздың құқығы қорғалуын тек ата-ана ғана емес жалпы қоғам болып талап етіп, орындалуына жауаптымыз.
Жанар БЕКТАЕВА
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысы