Кеңес үкіметі тұсында Жамбыл өңірінде ірі өндіріс ошақтары құрылып, өркен жайды. Содан шыққан өнімдер Кеңес құрамындағы барлық республиканы қамтып, тіпті артылғаны шетелге де экспортталды. Бірақ қызыл империя құлап, ел тәуелсіздігін жариялағанда жағдай күрт қиындай түсті. Нарықтық экономикаға бейімделе алмаған кәсіпорындар тоқырап, ал бәсекеге қабілетті өндіріс орындары қайта түледі. Мысалы, бүгінде «Химпром-2030» серіктестігінің орнына құрылған металлургия зауыты Тараздағы ең ірі төрт өндірістің қатарында. Осы орайда «Тараз металлургия зауыты» облыстың экономикасын өрге сүйреп, кіріс көзін арттыруға үлес қосып отырған кәсіпорын екенін де айта кеткен жөн.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев аталған кәсіпорынның жұмысымен танысу үшін арнайы барды.
2007 жылы құрылған зауыт ферроқорытпа өндірушілердің бірегейі және ел аумағында электрод массасының жалғыз өндірушісі болып табылады. 800-ге жуық жұмысшы еңбек ететін кәсіпорын 2010 жылы қайта жаңғырту мен кеңейтуден өтіп, жылдық қуаттылығы 72 мың тоннаға дейін жеткен. Өнімдер ішкі нарықпен қатар, Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан сияқты елдерге де экспортталады.
Ербол Қарашөкеев өндіріске жан-жақты қолдаулар жалғасатынын айтып, серіктестік басшылығына жергілікті тұрғындарды жұмысқа тарту, өнім көлемін арттырудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, аймақ басшысы еңбек қауіпсіздігін сақтауға, жұмысшылардың әлеуметтік және еңбек жағдайларына баса ден қойып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін де естен шығармау керектігін атап өтті.
Өз кезегінде серіктестік басшысы Ғабит Сұлтанқұлов барлық тапсырмалардың баса назарға алынатынын жеткізіп, зауыт толық қуаттылығымен жұмыс істеуге көшкен кезде, яғни 1 жыл ішінде жұмысшылар санын 1400-ге дейін арттыратынына сендірді.