Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Сарысу ауданындағы «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС минералды тыңайтқыштар мен өнеркәсіп өнімдерін өндіру зауытының жұмысымен танысты.
Аймақ басшысы «ЕВРОХИМ» минералды-химиялық кешенінде болып, Қаратау фосфорит бассейнінің кен орындарын игеру және күрделі минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыттың құрылыс-жобасын көрді. Жоба жылына 660 мың тонна фосфор кенін өңдеу, 640 мың тонна фосфар ұны, 1 млн. тонна минералды тыңайтқыштарды өндіруге қауқарлы болмақ. «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС бойынша 253 адам және «ЕвроХим-Тыңайтқыш» ЖШС-де 248 адам жұмыспен қамтылған.
Бүгінгі таңда жобаның бірінші кезеңі аяқталған десек, фосфорит кенін өндіруге және алғашқы өңдеуге арналған жобалық қуаттылыққа қол жеткізілді. Ендігі кезекте екінші кезеңі бойынша жоспарлау жобалау жұмыстары жүруде. Жер жұмыстарының нөльдік циклі басталған.
Бұдан соң облыс әкімі «Жаңатас жел электростанциясы» ЖШС-нің қызметіне қанықты. Түркістан ауылдық округінде орналасқан кәсіпорын 2021 жылы іске қосылған. Орнатылған 40 жел трубинасының жалпы қуаттылығы 100 МВт электр энергиясын құрайды. Толықтай автоматтандырылған кәсіпорында 30 адам жұмыспен қамтылған десек, олардың басым бөлігі жергілікті тұрғындар.
Бүгінгі таңда жобаның екінші кезеңі - “Шоқпар” ЖЭС бойынша 22 жел трубинасы орнатылып, іске қосу шаралары орындалуда. Нәтижесінде жалпы қуаттылық 200 МВт-қа дейін артпақ.
Аймақ басшысы алдағы уақытта қуаттылықты арттыру бойынша тағы да жобаларды қолға алу маңыздылығын, ол бойынша жергілікті билік тиісті қолдауларды көрсетуге дайын екендігін атап өтті.
Келесі кезекте Мемлекет басшысының «Барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Ербол Қарашөкеев Жаңаарық ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Кездесуге облыстық салалық басқарма және құқық қорғау органдарының басшылары да қатысты. Ауылдық округ әкімі Қуандық Алдарбегенов есеп беріп, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.
Облыс әкімі жергілікті жерлерде шағын инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, тұрғындарды тұрақты табыспен қамту шараларын үйлестірудің маңыздылығын атап өтті. Бұл әкімдердің жұмыс көрсеткішіне қойылатын негізгі талап болатынын баса айтты. Сондай-ақ, аймақ басшысы ауылдықтардың түрлі сауалдарына облыстық деңгейде атқарылып жатқан жұмыстарды негізге ала отырып, жан-жақты жауаптар берді.