Қазақстанда Covid-19 жұқтырған жүкті әйелдер 1300 баланы дүниеге әкелді – гинеколог

Сұхбат
16.09.2020, 14:27

Ел бойынша барлығы 5 000 жуық жүкті әйелден COVID-19 анықталған

Қазақстанда Covid-19 жұқтырған жүкті әйелдер 1300 баланы дүниеге әкелді – гинеколог
Фото: inform.kz

ПТР талдауы расталған жағдайда қалай босануға болады? Жүкті әйелдерді вирустан қалай емдеуге болады? Қазақпарат тілшісінің осы сауалдарына «Акушерлік пен гинекология және перинаталогия ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрағасы, дәрігер, жоғарғы санаттағы акушер-гинеколог Динара Мырзахметова жауап берді.

- Қазақта «жүкті әйелдің бір аяғы жерде, бір аяғы - көрде» деген сөзі бар. Бұл оларға қаншалықты қамқорлық қажет екендігін білдіретін сыңайлы. Пандемия ең нәзік әйелдердің одан арғы өміріне қалай ықпал етті?

- Иа, пандемия біздің қалыпты өміріміз бен жұмысымызға үлкен өзгеріс әкелгені белгілі. Оның ішінде жүкті әйелдерді босандыру, оларды бақылау жұмыстары да өзгерді. ПТР тест расталса, қалай босанамын? Ары қарай не болады? Балама жұқпай ма деген сияқты өзекті сұрақтар жүкті келіншектердің мазасын алғаны рас. Қорқыныш, үрей де болуы заңды. Алайда Қазақстанда бұл жұмыстар бірден ҚР ДСМ қолға алынды. Медициналық қауымдастық тез арада осы мәселелердің оң шешімін тапты. Пандемия кезінде ең ұрымтал, әлжуаз топқа жататын әйелдер басқа аурулар сияқты қашықтан емдеуге көшті. Елімізде жасалған емдеу хаттамасына сәйкес Covid-19 расталған жүкті әйелдер инфекциялық стационарларға жатқызылды. Жүкті әйелдерді босандыру, бақылау, емдеу бойынша қазақстандық ғалымдар мен дәрігерлер бір алгоритммен жұмыс істеді. Біздің орталық мамандары COVID-19 пандемиясы кезінде босандырудың ұйымдастыру әдістемелік жұмысын жасады. 2 методикалық ұсыным жасаумен айналысты. Күн сайын мұнда жүкті әйелдер бақыланып, еліміздің басқа өңірлеріндегі әйелдерге практикалық кеңестің көмек көрсетілді. Бұл көзге онша байқалмағанмен, өте үлкен еңбек.

- Сіздердің орталықтағы провизорлық емханада қанша әйел емделді?

- Тек қана осы орталықтың өзінде КВИ жұқтырған әйелдерден 38 бала дүниеге келді. Біздің мамандар бұл пациенттерден бөлек өңірлердегі келіншектерді де қашықтан бақылауға алды. Ал жалпы Қазақстан бойынша барлығы 5 000 жуық жүкті әйелден COVID-19 анықталған. Оның ішінде 3473 жүкті әйел болса, қалған 1378 жас босанған әйелден де КВИ анықталған. Стационарлардан 3543 әйел емделіп шыққан.

- Жүкті әйелдерге воронавирустан сақтануға қандай кеңес беретін едіңіз? Оларға қандай ерекше күтім қажет?

- COVID-19 ауа тамшылы жолмен жұғатындықтан, 20 секундтан кем емес уақыт қолды сабындап жуып жүрі керек. Дене қызуын үнемі өлшеп жүрген абзал. Сонымен қатар, қоғамдық орындарға барудан бас тартуға кеңес беремін. Көшедегі адамдармен қол алысып амандасуды доғарыңыз. Әйелдер пандемия кезінде барынша тазалықты сақтағаны дұрыс. Үйді дымқылдап сүртіп, бөлмені желдетіп отыру маңызды.

- Ал КВИ-дан сауыққан жүкті әйелдер мен босанған әйелдерге тезірек қалпына келу үшін қандай кеңес бересіз?

- Ауруханадан шыққан соң әйел үй карантинінде болғаны дұрыс. Әйелдер ұлттық клиникалық хаттама бойынша БМСК (бастапқы медико-санитарлық көмек) қызметінің акушер гинекологының бақылауында болады. Реконвалесцентті кезеңде олардың 14 күн карантинде болуы халықаралық ұсынымдарға да сай келеді. Қажеттілік болған жағдайда амбулаториялық жағдайда респираторлы немесе психологиялық реабилитация қарастырылған. Ең алдымен жүкті әйелдердің тыныс алу жүйесінің қалпына келуіне күш салынады. Сонымен қатар, осы кезеңде жүрек қан тамырлары жүйесі мен психастения, күйзеліс тұрғысынан бұзылушылықтарды жою маңызды. Ауруханадан шыққан әйелдерге арнайы тыныс алу жаттығуларын үйретеміз. А.Н. Стрельникова тәсілі, Фролов аппараты, йогтардың тыныс алу жаттығуы ұсынылады. Аптасына 2-3 рет 15 минуттан аэробты жүктемелер жүргізген дұрыс. Егер, жүкті әйелде күйзеліс белгілері байқалса, психологиялық көмек көрсетіледі. Қосымша олардың тамақтану рационын байыту мақсатында дәрумендермен толықтыру көзделген.

- Елімізде бедеулік мәселесі қаншалықты өзекті? Сіздердің орталықта осы мәселе қалай шешімін тапқан?

- Ғылыми орталықтың басты міндеті – қазақстандықтардың репродуктивті денсаулығын жақсарту, осы бағытта жаңа заманауи технологияларды енгізу. Қазақстанда бедеулік статистикасы ұлт болашағына қауіп төндіреді. Әр алтыншы отбасы балалы бола алмайды. Алайда, ол дұрыс емделсе, шешімін табатын мәселе. Әйел адамның бедеулігіне қарағанда, ер адамның бедеулігінің шешімі жылдамырақ. Әйелдің ағзасы тек аналық жұмыртқаны бөліп қана қоймай, соған жайлы жағдай қалыптастыруы керек. Әйелдің репродуктивті органдарының біреуінде болсын ауытқу болса, жүктілік мүмкіндігін азайта түседі. Қазіргі таңда бедеулікті емдеудің түрлі жолдары бар. Оның ішінде ЭКҰ (экстракорпоралды ұрықтандыру) әдісіне қатысты ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік квоталарды 7 есе арттыру туралы ұсынысы тек медициналық емес, әлеуметтік мәселелердің оң шешімі деп санаймын. Болашақта бұл халық санының артуына ықпал етеді. Атап айтқанда, жылына 7000 квота болса, жылына ЭКҰ арқылы 2200-2300 бала дүниеге келетін болады. Бұл менің ойымша, елдегі репродуктология ғылымының жаңа кезеңі десек те болады. Еуропалық ғалымдардың есептеуінше, 1 млн халыққа 1000-1500 ЭКҰ бағдарлама керек. Қазақстанда бұл көрсеткіш 18500-27750 процедура болуы керек.

Сұхбат

PhotoRoom