СҚО-да құс тұмауына байланысты 10 елдімекен карантинге жабылды

Аймақ
17.09.2020, 13:53

Республикалық бюджет есебінен құсы қырылған тұрғындарға өтемақы беріледі

СҚО-да құс тұмауына байланысты 10 елдімекен карантинге жабылды
фото: lubenshchyna.com.ua

Солтүстік Қазақстан облысының жеті ауданында (Тимирязев, Тайынша, Жамбыл, Қызылжар, Шал ақын, Ғ.Мүсірепов, М.Жұмабаев) ағымдағы жылдың 9-16 қыркүйек аралығында әртүрлі үй құстарының өлімі тіркелді. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мұны құс тұмауы деп реми түрде мәлімдеп, ДДСҰ-ны хабардар етті.

СҚО аумағында құс тұмауының анықталуына байланысты тиісті ведомство басшылары мен өкілдерінің қатысуымен брифинг өтті. Зертхана қорытындысына сәйкес аурудың таралуына жол бермеу мақсатында облыстағы Тимирязев, Тайынша, Жамбыл, Қызылжар, Шал ақын, Ғ.Мүсірепов, М.Жұмабаев - 7 ауданның 10 елдімекені карантинге жабылады.

«Карантин талабына сай бұл елдімекендерге кіріп-шығу шектеледі. Кіріп-шыққан көліктерді залалсыздандыру үшін кіреберістерде дезинфекциялық тосқауылдар қойылады. Халықтың тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдардың, құқық қорғау, медициналық және ветеринарлық қызметтердің көліктері ветеринарлық қауіпсіздікті сақтай отыра кедергісіз жүреді. Карантиндік аймақтардан тірі құстарды, құс өнімдерін, қауырсыны мен мамығын, жемазықты және құс шаруашылығында қолданылған қондырғыларды шығаруға тыйым салынады», - дейді СҚО ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжанов.

Республикалық бюджет есебінен құсы қырылған тұрғындарға өтемақы беріледі. Ол үшін арнайы комиссия құрылған. Құстың түріне, жыныстық-жастық тобына қарай нарықтағы орташа бағасы бойынша өтемақы төленбек.

«Құс тұмауынан құтылу үшін ауру құстарды жою керек. Құстар алынып, өртеледі. Бұл жұмыстармен республикалық эпизоотияға қарсы отрядтар айналысады. Олар құстарды алу барысында құжат толтырып, онда құстың түрін, жыныстық-жастық тобын көрсетеді. Кейін бұл құжат өтемақы төлеуге негіз болады», - дейді Берік Әлжанов.

Ал ауру жұқтырмаған құстарға екпе жасалып, олар ветеринарлық дәрігерлердің бақылауында болады. Карантин аурудың соңғы жағдайы тіркелген күннен кейін 3 апта өткен соң алынады.

Сұхбат

PhotoRoom