ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раевтың жетім қыздың науқас әжесімен диалогына негізделген қоғамдағы ащы шындықты бейнелеген «Ақ ләйлек» қойылымы Анкарада көрсетілді.
Н. Бекежанов атындағы Қызылорда мемлекеттік қазақ академиялық драма театры өнерпаздарымен сахналанған спектакльге жиналған көрермендер, қойылымның қазақ тілінде ұйымдастырылғанына қарамастан әртістердің шеберлігінің арқасында тілге қатысты кедергілер болмағанын айтып, зор қошеметтерін көрсетті.
Айта кету керек, Қазақстанның Түркия Республикасындағы елшілігінің, еліміздің Ыстанбұл мен Анталия қалаларындағы Бас консулдықтарының ұйымдастыруымен және «Qazaqfilm» АҚ-ның қолдауымен Түркияда қазақ киносының апталығы өтіп, аталған елдің 8 ірі қаласында Қазақ хандығы туралы «Алмас қылыш» тарихи фильмі көрсетілген болатын.