Қазақстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары – ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің комиссары Рәпіл Жошыбаев Тәжікстанның Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесінің жұмысына белсенді атсалысатынына сенім білдірді, деп хабарлайды BNews.kz.
Душанбеде өткен келіссөздер барысында алдағы көрме туралы сөз қозғаған Жошыбаев ЭКСПО-2017 көрмесін Қазақстан астанасында өткізу туралы шешім 2012 жылдың қарашасында Халықаралық көрмелер бюросы Бас ассамблеясы 152-ші сессиясының отырысында қабылданғанын еске салды.
«Бұл ТМД мен Орта Азияда өткізілгелі отырған алғашқы халықаралық көрме», - дейді Р.Жошыбаев. Сондай-ақ ол Қазақстан көрменің тақырыбына «Болашақтың энергиясы» деген атау ұсынғанын атап өтті.
«Тақырып барша адамзат үшін өте өзекті болып табылатын энергия ресурстарын тиімді пайдалану мәселесін көтереді. Ал оның шешімі көптеген елдер үшін стратегиялық міндетке айналды. Бұл тақырыптың негізінде электр энергиясына қолжетімділіктің болмауы, кедейлік деңгейін төмендету секілді жаһандық ауқымдағы проблемалар жатыр», - дейді Жошыбаев.