Үкімет қолға алған іс-шаралар 400 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бұл туралы бүгін Астана қаласы әкімдігі, ұлттық компаниялар және елорданың өнеркәсіптік кәсіпорындары арасында қазақстандық үлесті арттыру мәселелері бойынша ынтымақтастық орнату туралы меморандумға қол қою барысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz.
«Үкімет жергілікті атқарушы органдармен, компания және кәсіпорын жетекшілерімен бірлесе отырып, ең алдымен халықты жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын ашуды қамтамасыз ету үшін барлық қажетті іс-шараларды жүргізіп отыр», - деді Б.Сапарбаев.
Сапарбаев, сондай-ақ, өткен жылдың қарашасында әзірленіп, қабылданған «Нұрлы жол» экономикалық саясаты инфрақұрылымды дамытумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталғанын атап өтті.
«Бөлінген 1 трлн теңгені толық игеріп, тиімді пайдаланудың арқасында жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Біздің министрліктің болжауынша, қосымша 400 мыңға жуық жұмыс орнын ашу көзделген», - деп атап өтті Б.Сапарбаев.
Қазақстан вице-премьері атап өткендей, қазір 8 мемлекеттік бағдарлама іске асырылуда. Солардың арасында ең ірісі елді индустриялық-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасы (ИИДМБ) болып табылады, басқаша айтқанда, индустрияландырудың екінші бесжылдығы.
«Осы бағдарламаларды жүзеге асырудың арқасында да қосымша жұмыс орындары ашылмақ, яғни, халық жұмыспен қамтылатын болады», - деп ескерді ол.