Қазақстан Президенті елордада ауқымды жұмыс атқару қажет болатынын атап айтты.
– Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы атап өтіледі. Осыған байланысты Наурыз бен Қазақстан халқының бірлігі күнін халқымыздың тұтастығы мен көпэтносты қоғамдағы келісім тақырыбымен орайластырып мерекелеген жөн. Бұл жұмыстарды қазірден бастау керек. Тағы бір маңызды тұс – «ЭКСПО-2017» халықаралық көрме нысандарының құрылысы, бұған да ерте қамдану қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Астанаға айрықша маңыз берілген «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелеріне арнайы назар аударды. Атап айтқанда, осы бағдарлама аясында елорданың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, инфрақұрылымын дамыту жұмыстары атқарылатын болады.
Қазақстан Президенті қаланың инвестициялық тартымдылығын ұдайы арттыру, шағын және орта бизнес субьектілерін ілкімді қолдау қажеттілігіне тоқталды.
Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік саланы жақсартуға, адами капиталды дамытуға байланысты міндеттерді орындауды жалғастыруды тапсырды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы жылу беру маусымын кідіріссіз өткізудің, елорда тіршілігін сапалы қамтамасыз етуге барлық қалалық қызметтердің үйлесімді қатыстырылуының маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан Президенті кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.