Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Мюнхен қауіпсіздік конференциясына қатысып жатыр, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
6 ақпанда Мюнхенде қауіпсіздік жөніндегі 51-конференция басталды. Рейтинг агенттіктерінің пікірінше, бұл форум - қазіргі замандағы ең өзекті мәселелерді талқылауға арналған, белгілі саясаткерлер, дипломаттар, қоғам қайраткерлері және кәсіпкерлер қатысатын беделді әрі танымал әлемдік алаң.
"Форумның бұл жолғы күн тәртібінде украин шиеленісін реттеу және ИЛИМ (ИГИЛ) террористік тобының қызметін басуға қатысты мәселелер бар", - делінген хабарламада.
Форумда көптеген қатысушылар – президенттер мен үкімет басшылары, сыртқы істер және қорғаныс министрлері, халықаралық қатынастар сарапшылары бас қосты. Конференция жұмысының алғашқы күні НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг, Ұлыбритания мен Францияның қорғаныс министрлері, АҚШ, ҚХР және басқа да елдердің жоғарғы лауазымды өкілдері сөз сөйледі.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша конференцияға қатысып жатқан Қасым-Жомарт Тоқаев дипломатия және халықаралық қатынастар саласына инновациялық ұсыныстар әзірлеумен айналысатын мамандар тобына енген.