Құрылғанына 70 жыл болған Біріккен Ұлттар Ұйымы бүгінде үлкен дағдарысты бастан кешіп отыр. БҰҰ-ның бұрынғы Бас Хатшысы КОФИ АННАН мен Норвегияның экс-премьері ГРУ ХАРЛЕМ БРУНДТЛАНД-тың мақаласында Ұйымның әлем алдындағы беделін көтеруге қажет үлкен төрт идея айтылады.
Осыдан 70 жыл бұрын әлемді соғыстың ауыр салдарынан арылту үшін Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылған болатын. Бүгінде әлемде болып жатқан оқиғаларға қарап, ұйым өзінің негізгі миссиясын атқарып отыр деп айта алмаймыз. Нигериядағы, Таяу Шығыстағы, Ауғанстан мен Украинадағы әскери қақтығыстар миллиондаған адамның өміріне қауіп төндіріп отыр. Оларды құтқаруға БҰҰ дәл қазір дәрменсіз.
Біз ұйымды нығайтып, тиімді әрекет етуге мүмкіндік беретін төрт идея ұсынамыз.
Мұндағы негізгі проблема – бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тиісті Қауіпсіздік Кеңесіне мүше мемлекеттерге сый-құрметтің азаюы. Әсіресе бөгде мемлекеттің территориясына басып кіргендердің беделі түсті.
Дүниежүзі халқының, әсіресе дамушы елдердің көкейінде Қауіпсіздік Кеңесі неге Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жеткен бес мемлекетке ғана тиесілі деген сауал бар. Олардың өкілеттілігі мен қабылдайтын шешімдердің легитимділігі жиі күмән тудырып жүр.
Бұл қауіпке мән бермеу арқылы біз өзімізге қатер тудырамыз. 1945 жылдан бері көп нәрсе өзгерді. Ал Кеңес бұл өзгерістерді есепке алу қажет. Көпшілік Қауіпсіздік Кеңесіне жаңа мүше мемлекеттер тартып, оның кеңеюін қолдайды. Алайда Кеңеске мүше мемлекеттер ондаған жылдар бойы бір шешімге келе алмай жүр.
Біздің алғашқы идеямыз дәл осы проблеманы шешуге үндейді. Біз тұрақты мүшелерді сайлаудың орнына жаңа категория – қазіргі уақытта сайланатын тұрақты емес мүшелердің қызмет ету уақытын ұзартуды ұсынамыз. Сонымен қатар бұл мүшелер қайта сайлану құқығына ие болуы шарт. Сонда олар бір сөзбен айтқанда тұрақты мүшелер іспетті әрекет етіп, өзге мемлекеттердің сеніміне ие болуға мүмкіндік алады. Біз осы әдіс-тәсілді демократияға сай деп есептейміз.
Екіншіден, біз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты бес мүшесін салтанатты түрде уәде беруге шақырамыз. Олардың әртүрлі көзқарасы қазіргі Сирияда болып жатқан қылмыстар сияқты жағдайлар туындағанда Кеңестің тиісті шешім қабылдауына кедергі келтірмеуі керек.
Бес мүше мемлекет өздерінің ұлттық мүдделері үшін ғана вето құқығын пайдаланбауға уәде беру қажет. Ол құқықты тек адамдарға қауіп төніп тұрғанын анық көріп тұрған жағдайда ғана пайдалануға рұқсат беру керек. Оның өзінде вето құқығын пайдаланған мемлекет өз әрекеті қақтығыс аймағында қалған азаматтарды қорғау жолындағы шын мәнінде сенімді әрі тиімді тәсіл екенін нақты дәлелдеп беруі шарт.
Үшіншіден, Кеңес қабылданған шешім кімге ықпал етеді соған көбірек құлақ асу қажет. Қауіпсіздік Кеңестің тұрақты мүшелері бір шешімге келгенде жабық есік жағдайында қабылдайды. Осындай кезде Кеңес қақтығыс аймағында қалған халықтың мүддесін қорғайтын топқа өзіндік ұсыныс-пікірлерін айтып шешім қабылдауға белгілі бір деңгейде ықпал етуіне мүмкіндік берілуі шарт.
Соңғысы, Кеңес және оның тұрақты мүшелері ұйымға шын қажетті көшбасшылардың баруына барлық жағдайды жасау қажет. Олар БҰҰ Жарлығының рухы мен әрбір әрпін құрметтеп, Бас Хатшыны сайлауда жабық есік жағдайында келіссөздер жүргізуді доғару керек.
Біз Бас Хатшылық лауазымға жынысы мен оның өмір сүріп отырған жеріне мән бермей, шын лайықты үміткерді таңдауымыз шарт. Қауіпсіздік Кеңес Бас Ассамблеяға бірнеше кандидатты ұсынуы керек. Бас хатшы бір ғана мерзімге, 7 жылға сайлану қажет. Сегіз рет қатарынан ер адамдар Бас Хатшы болған екен, енді әйелдерге кезек берілу қажет. Ол ер адам бола ма, әйел ме Бас Хатшы ретіндегі 7 жылдық қызметі аяқталған соң оған қандай да бір қысым көрсетілмеуі шарт.
Бұл процедураларды көп ұзатпай 2017 жылы Бас Хатшыны сайлау кезінен бастап енгізу керек.