Жаман аты бір шыққан министрлік жемқорлықпен күреспек

Жаңалықтар
10.02.2015, 14:05

Жемқорлықпен аты шықпаған мекеме кемде кем. Солардың бірі Ауылшаруашылығы министрлігі еді. Естеріңізде болса вице-министр дауы, министрдің жүзеге аспай қалған отставкасы... Бүгін сол ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі жемқорлыққа қарсы күресетін қозғалыспен бірігіп, аты жаман бәлемен бірге күресуге уағдаласты. Дәлірек айтқанда бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» РҚБ арасында жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Меморандум аясында тараптар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелерінде күш біріктіріп, бірлесе әрекет етуге келісті. Бұл туралы меморандум бекіту барысында «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс » республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Оралбай Әбдікәрімов мәлім етті.

«Біздің бірлестіктің мақсаты, ең алдымен, Президенттің сыбайлас жемқорлықты еңсеру бойынша бастамасын қолдау болып табылады. Бұл ең маңызды міндеттердің бірі. Елбасы жемқорлық дертіне қарсы күреске тек органдарды ғана емес, қоғамның өзін де қатысуға үндейді», - деп нақтылады ол.

Әбдікәрімовтің айтуынша, меморандум аясында тараптар жемқорлықтың тамырына балта шабу ісінде күш біріктіріп, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруда бірлесе әрекет етуге уағдаласқан.

2014 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 17 қызметкері жемқорлық қылмыстары үшін жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» Республикалық қоғамдық бірлестігі арасындағы меморандумға қол қою кезінде министрлік басшысы Асылжан Мамытбеков айтты. «2013 жылы жемқорлықпен айналысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке 31 қызметкер тартылған болатын. Ал 2014 жылы 17 адам жазаға тартылды, бұл алдыңғы жылғымен салыстырғанда 45 пайызға азайды деген сөз. Дегенмен 17 адамның өзі көптік етеді. Егер де жемқорлықтың алдын алуға тиісті жұмыстар атқаратын болсақ, бұл көрсеткішті де азайтуға болады», - деп атап өтті ол. Оның айтуынша, Министрлік қазіргі уақытта 2015-2025 жылдарға арналған жемқорлыққа қарсы стратегия қабылдаған. Субсидиялау саласындағы жемқорлық әрекеттерді азайту мақсатында жаңа тетіктер әзірленіп, субсидиялауды мемлекеттік қызметтер реестріне енгізу қарастырылуда.

Қазіргі таңда министрлік 2015-2025 жылдарға арналған ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын жүзеге асыруда. Жемқорлықпен күрес жөнінде ішкі жоспар да бекітілді.

Ведомствоның мәліметінше, бас прокуратурамен бірлесіп жүргізілген аудит нәтижесі ең көп заң бұзушылықтар жергілікті атқарушы органдар әкімшілік ететін бағдарламалар бойынша ауыл шаруашылығы субсидияларын беруде тіркелетінін көрсетті.

Сол себепті ауыл шаруашылығы өндірушілерін субсидиялаудың жаңа тетігі енгізілуде, субсидияларды мемлекеттік қызмет реестріне енгізу қарастырылып жатыр.

 

Сұхбат

PhotoRoom