Байқоңыр қазақстандық тауарлардан бас тарта бастады

Сараптама
10.02.2015, 19:42

Ресей рубльінің шегіне жете құнсызданғанына байланысты Байқоңыр кәсіпкерлеріне қазақстандық тауарларды сатылымға шығару тиімді болып отырған жоқ. Сондықтан да Байқоңырдағы кәсіпкерлер қазақстандық өнімдерден бас тартып, жапппай Ресейдің тауарларын тасымалдай бастаған. Ондағы себеп қазақстандық тауардың қымбаттығы, ал Ресей тауарларының қазақстандық тауарлармен салыстырғанда анағұрлым арзандығы. 

Бұған қоса Байқоңыр кәсіпкерлері тауарларына салынатын қосымша құн салығынан және тауар тасымалдауда екі елдің заңына бірдей жүгінуден де шаршаған. Айта кету керек, Байқоңырда теңгемен қоса Ресейдің рубльімен де төлем жасауға рұқсат берілген. Қалада ірі кәсіппен айналысатын бірқатар Ресеймен біріккен кәсіпорындар да баршылық. Өз алдына жеке шаруашылықпен айналысатын қазақстандық кәсіп иелері де жетерлік. Қазір осы кәсіп иелері Байқоңырда бизнесті жүргізудің қиындап кеткенін алға тартуда. Мысалы, «Винорум» кәсіпорнының бас директоры Виктория Донченконың айтуынша, соңғы екі аптада қалада қазақстандық тауарлардың бағасы өсім берген. Сондай-ақ Ресейден тауар тасу да кәсіпкерлерге оңай болып отырған жоқ. Бұл ретте ол «бастапқыда Ресей тауарлары арзан болғандықтан халық жаппай арзан тауарды алып қалуға ұмтылды. Қазір Ресей банктері несиеге пайыздық төлемді өсіргелі бері ондағы кәсіп иелері де тауарларының бағаларын, тасымал шағындарын қымбаттатып, тауардың көтерме бағасын өсіре қойды. Мысалы, бұрын қалаға азық-түлік тасу үшін 2 млн рубль көлемінде шығын жұмсасақ, қазір 3 млн рубль көлемінде шығын жұмсаймыз. Осыған қарамастан Ресей тауарларының бағасы қазақстандық тауарлармен салыстырғанда анағұрлым арзан. Сондықтан да біз көбінесе тауарды Ресейден алуға мәжбүрміз» дейді.

Жалпы, Байқоңырдағы кәсіп иелері салықтың құрсауында қалып отырғандарын ашып айтуда. Мысалы, қалаға Қазақстаннан енетін тауарлардың 85-90 пайызына 12 пайыздық қосымша құн салығы салынады. Сондай-ақ қосымша құн салығын салудан Ресей жағы да қалыспайды. Ресейде қосымша құн салығы 18 пайызды құрайды. Ал енді осы екі елдің тарапынан бірдей салынатын салықты қоссақ, байқоңырлық кәсіпкерлерге жалпы құны 30 пайыз қосымша құн салығын төлеуге тура келеді. Бұған қоса тауарлар Байқоңырға жеткізілгенде кәсіпкерлердің алдынан шығатын ресейлік заңдылықтар тағы бар. Міне, екі елдің құзырлы органдарына қатарынан салық төлеу, екі елдің бірдей заңына бағыну Байқоңыр кәсіпкерлерін тығырыққа тіреп, ақыр соңында ондағы Ресей тарапына бағынатын кәсіп иелеріне қазақстандық тауарлардан бас тартуға тура келген.

 

Қуаныш Нұрмолда, кәсіпкер:

- Қазір Байқоңырда кәсіп жүргізу мүмкін болмай отыр. Ресей жағы басқаратын қалалық әкімшіліктің кәсіпкерлердің жұмысын жүйелейтін нормативтік-құқықтық талаптары Қазақстанның заңнамасына сәйкес дайындалмаған. Қаланың Ресей жағы басқаратын кәсіпкерлік нысандары қазір екі елдің заңына бірдей жүгініп әрі-сәрі күй кешуде. Кәсіпкерлер ғана емес мұндай жағдайлар қарапайым халық үшін де көптеген қиындықтар әкеліп отыр. Мысалы, қаланың Ресей жағы жалға алған аумағында рубль мен теңге бірдей қолданыста болғандықтан ресейлік кәсіпорындарда жұмыс істейтін отандастарымыз жалақыны орыс ақшасымен алып ұтылып жатыр. Қазір рубльдің бағамы түсіп кетті де, жұмысшылардың ақшасы, түк болмай қалды. Осыдан бір ай бұрын он мың рубль 30 мың теңге болса, қазір он мың рубль 20 мың теңге болып қалды. Осылайша, рубль құнсыз, отандық азық-түлік қымбат. Халықтың жалақысы да құнсызданып кетті. Отандық кәсіпкерлердің тауарлары қымбат болғандықтан халық жаппай Ресейдің тауарларын алып жатыр. Мұның арты кәсіпкерлерге қиын тиюде. Отандық өнім өтпейтіндіктен қалаға Ресей тауарлары көптеп енуде. Оның өзінде қазір сұраныс күшті болғаннан кейін Ресей тарапы тауардың көтерме бағасын өсіріп жіберді. Жалпы, алғанда Байқоңырда бизнес жүргізу тиімді болмай отыр. Ресей экономикасының мұндай жағдайға түсуі жағдайды осылай тығырыққа тіреп отыр.

Сөйтіп, отандық кәсіп иелерінің айтуынша, қалада қазір шаруаны дөңгелету оңай болып отырған жоқ. Негізінде, Байқоңырда тек өнім шығаратын кәсіп иелері ғана емес, тұрмыстық техника сатумен айналысатын кәсіп иелері де қиындықтармен бетпе-бет келіп отыр.

 

Мейрам Қабдрахманұлы, сарапшы маман: :

- Кеше ғана мен Ресейден тұрмыстық техника тасымалдап оны сатумен айналысатын кәсіпкерлермен тілдестім. Білесіздер, тұрмыстық техниканың басым бөлігі несиеге рәсімделеді. Ал қазір Байқоңырдағы қауым үшін несие рәсімдеудің өзі мұңға айналған. Ресей кәсіпорындарда жұмыс істейтіндерге, «жалақыны рубльмен аласың» деген желеумен қазақстандық банктер несие бермейді. Олар несие сұраса Қазақстан тарапы «жалақың рубльмен барып Ресейге барып рәсімде» дейді, ал Ресей тарапы өзінен-өзі оларға несие бермейді. Сөйтіп, тұрмыстық техника сатумен айналысатын кәсіпкерлер де қазір жағдайдың қиын екенін айтуда. Олардың қанша миллионға алған тауарлары өтпей жатыр. Ал енді Қызылордадан тауарды теңгеге сатып әкеліп, ол тауарын Байқоңырда сатып отырған кәсіпкерлерге тіпті қиын. Себебі олардың отандық тауарлары өтпей жатыр. Біздегі тауардың бағасы Ресеймен салыстырғанда қымбат болғандықтан қарапайым тұрғындар Ресей тауарларын ғана алып жатыр. Мұның арты кәсіпкерлердің отандық тауардан бас тартып, Ресейге тауар тасуға аттануына жол беріп отыр. Рубль күн сайын құнсызданып барады. Мұнай бағасы да бұрынғыдай емес. Батыстың салған санкциясы да әзірге алынып тасталатын түрі жоқ. Өндірісі тоқыраған Ресейде бүгінде тауардың құны барынша арзандап, Ресей кәсіпорындары тым құрығанда халыққа арзан тауар ұсынып қалуға барын салуда. Осылайша «суға кеткен тал қармайдының» кебін киіп отырған Ресейге Қазақстанға жаппай арзан тауарын өткізу өте тиімді болып отыр. Бұл - Ресейдің есін жинауға берілген мүмкіндіктердің бірі. Қазақстан халқы жаппай арзан рубльді сатып алып, Ресейден арзан тауар таси бастап еді, қазір өткен аймен салыстырғанда көрші ел тауар бағасын өсіре қойды. Ресеймен көршілес аймақтарға әлі де орыстың тауары ағылып келіп жатыр. Ал мұның соңы көріп отырғанымыздай, отандық бизнесті абдыратып тастады. Егер Ресейден келетін тауарға белгілі бір шектеу енгізілмесе, уақыт өте келе тек Байқоңырдағы кәсіпкерлер ғана емес, біршама отандық кәсіпкерлердің салы суға кетеді. Сондықтан мұндайда мемлекеттік сауатты шешімдер қабылдануы тиіс,- деп ойлаймыз...

Автор: Қарлығаш Зарыққанқызы

alashainasy.kz

Сұхбат

PhotoRoom