Еуразиялық экономикалық одақ байланысын кеңейтті

Сараптама
11.02.2015, 00:13

Дәл қазіргі құбылмалы ғаламдық саясаттың «ауа-райына» тікелей ықпал еткен Ресей елінің басшысы Владимир Путин Минскіде өтетін «емтихан» алдында Каирге кетіп қалды. Оның өзге елдерге жасайтын сапарлары біз үшін аса маңызды болмайтын. Египетке жасаған екі күндік ресми сапарына көңіл бөліп отырғанымыздың өзіндік себебі де жоқ емес. Оған сәл кейінірек тоқталамыз.

1046902359

Мысырдағы сапар кезінде Владимир Путин «бұл сөзсіз тарихи сапар болды. Біз бүгін Ресей-Мысыр екіжақты қарым-қатынасы дейтін үлкен кітаптың алғашқы беттерін ғана жаздық. Бұл еңбек толық жазылып шығуы үшін үлкен жұмыстар атқарылу керек» деді.

Біріншіден, Мысыр тарихында тұңғыш рет салынғалы отырған АЭС құрылысына Росатомның қатысатындығы.

 

Екіншіден, Мысыр мен Еуразиялық экономикалық одақ арасында еркін сауда аймағын құру туралы келісім.

 

Сонымен көрші елдің басшысы Владимир Путин Мысыр президенті Абдель Фаттах ас-Сисимен 1-қаңтарда жұмысын бастаған ЕАЭО-пен Мысыр арасында еркін экономикалық сауда аймағын құру туралы келісімге қол жеткізді.

 

Еркін сауда аймағы – қатысушы мемлекеттер өзара кедендік салықтан бас тартатын халықаралық интеграцияның түрі. Бұл қатардағы келісімдерден гөрі тереңдетілген интеграция.

 

Путин сапарлап жүрген ел Хосни Мүбәрәктің тұсындағы Мысыр емес. Бұл ел 2008 жылдары шикізат, мұнай өнімдері, мақта мен мата сияқты тауарларды ғана 30 млрд долларға экспорттайтын еді. Мысыр туризмінің атағы жер жарғанын да естен шығарған жоқпыз.Туризм ел экономикасының 11 пайызын құрайтын. Ол 2 млн 800 мың адамға жұмыс көзі еді.

«Мүбәрәк дәуіріне» нүкте қойған әйгілі революция экономикаға оңай тиген жоқ. Мысыр фунты әлсіреп, шетел валютасы жетіспеді. Орталық банкінің резерві көз алдымызда еритін мұз тәрізді боп, үш жыл ішінде үш есеге дейін азайды. 2013 жылдың наурыз айында небәрі 13 млрд доллар ғана қалды. Шетелдік инвесторлар бұл елден қашуға әрекет жасады. Себебі Каир биржасы индексі жарты жыл ішінде 14,2 пайыз жоғалтқан еді. Ал былтыр бұл елдің экономикасында мынандай өзгерістер болды. ІЖӨ-нің даму ырғағы 60 пайызға дейін құлдырады.

Мысыр – өз аймағында ықпалды мемлекет. Өз позициясын күшейту үшін экономикасын дамытуға мүдделілік танытып отыр. Еуразиялық экономикалық одақпен келісімге сәйкес, арнайы жұмыс тобы құрылатын болды. Ал осы жылдың наурыз, сәуір айларының бірінде Каирде экономикалық одақ пен Мысыр арасындағы жұмыс тобының алғашқы отырысы өтуі керек.

Қазақстанның Мысырмен байланысы 1992 жылдан басталады. Қазақ ойшылы Абайдың есімімен аталатын көшесі бар ең шалғай мемлекет те осы – Мысыр. 1998 жылы, Қазақстанның елшісі болған Болатхан Тайжанның кезінде Абай көшесі ашылған болатын. Діни-ағарту «Нұр-Мүбәрәк» университеті бар. 2009 жылы екі ел арасындағы сауда балансы 250 миллион доллар болған екен. Ал, 2008 жылы Мысырдағы қазақстандық туристердің саны 30 мыңға жуықтаған.

Мысыр Еуразиялық экономикалық одаққа, Қазақстанға қай жағынан тиімді?

04

Туризмнен түсетін қаржы көлемі азайғанымен, потенциалын жоғалтқан жоқ. Туризм инфрақұрылымы толықтай сақталған. Шетелде жұмыс істейтін ел азаматтарынан түсетін қаржы көзі тағы бар. Суэц каналы арқылы өтетін жүк тасымалынан түсетін салықтар да жоқ емес. Ауылшаруашылығы өнімдері, әсіресе мақта өнеркәсібі дамыған. Әлемдік өндірістегі Мысыр мақтасының үлесі – 3 пайыздай. Жеңіл өнеркәсібінің де әлеуеті жоғары. Сондықтан, игерілмеген емес, тұралап қалған нарықты игеруге үлкен мүмкіндік туып отыр.

Жанболат Замания

Сұхбат

PhotoRoom