ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында ұлттық компаниялар мен холдингтерге есептесуді теңгемен жүргізуді және ақшаны ұлттық валютаға айырбастауды ұсынды.
«Жалпы холдингтер мен ұлттық компанияларға ақшаны айырбастау арқылы қазақстандық валютаға қолдау көрсетуді ұсынамын. Әрине, келісу қажет, мұның теңге үшін маңызды екенін ескерген жөн. Бұл барлық ұлттық компанияларға айтқан сөзім», - деді Н.Назарбаев. Президент Үкімет пен ҚР Ұлттық банкі теңге бағамының күрт ауытқуына жол бермеу үшін барлық қажетті шараларды қолданатынын атап өтті. «Әрине, сіздердің де мүдделеріңізді ескерген жөн, бірақ қазір теңгеге қолдау көрсетуіміз керек. Мұнда өздеріңіздің де, жалпы мүдделер да бар», - деп түйіндеді Елбасы.
Биыл өңірлердегі кәсіпорындармен қазақстандық қамтуды арттыру бойынша 960 млрд теңге сомаға 120-дан астам меморандум жасалды, деп мәлімдеді бүігн ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Ақордадағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
«Отандық кәсіпорындарды тапсырыспен қамтамасыз ету үшін өңірлер бойынша сапарлар барысында ұлттық компаниялар, жүйе құраушы кәсiпорындар мен әкiмдiктер арасында тауарларды сатып алуда жергілікті қамтуды кеңейту бойынша жалпы сомасы 960 млрд теңге болатын 121 меморандум жасалды. Бұл өткен жылдың соңында Алматы әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» қорының арасында жасалған 2015 жылға арналған 800 млрд теңге сомаға меморандумды есептемегенде», - деді Б.Сағынтаев.
Сондай-ақ, оның айтуынша, Үкімет мүшелерінің өңірлерге жұмыс сапарлары барысында кәсіпкерлер көтерген бірқатар мәселелер жедел шешімін тапты.
«Жеке кәсiпорындар бойынша электр энергиясы мен темiр жол тасымалы тарифтерiне жеңiлдiктер беру, алтын сынықтары мен құрамында алтын бар шикiзатты сыртқа шығаруға 5 ай уақытша тыйым салуды ұзарту жөніндегі мәселелер шешiлдi», - деп атап өтті Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.
Облыс әкімдіктері халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша өңірлік кешенді жоспарларды ағымдағы жылдың 15 ақпанына дейін әзірлейді, деді Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев.
«Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша ауырлық ортасы өңірлерге көшірілді. Осыған байланысты 15 ақпанға дейін халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің өңірлік кешенді жоспары бекітіледі», - деді Б.Сапарбаев. Оның айтуынша, жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға қатысты қосымша шаралар қолданған жөн, олардың саны 1,2 млн адамды құрап отыр. «Бұдан өзге, қолданылып жатқан шаралардан бөлек әлем экономикасындағы жағымсыз жағдайды ескергенде сарапшылардың бағалауынша, 120 мың адамға дейін жұмысшы босатылуы мүмкін», - деп толықтырды вице-премьер.
Қашаған ірі кен орнында мұнай өндіруді 2016 жылдың екінші жартысында іске қосу бойынша жоспарлар өз күшінде, деп мәлімдедіҮкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР энергетика министрі Владимир Школьник.
«Қашағандағы жаңартылған коммерциялық мұнайдың өндірілуі 2016 жылдың екінші жартысында басталады деген жоба жөніндегі барлық мәселелерді реттеу бойынша келісімге өткен жылдың желтоқсанында қол қойылды», - деді В. Школьник.
Ол ҚР мұнай экспортының көлемі, оның ішінде КҚК негізгі экспорттық жүйесі бойынша 2014 жылы 62 млн тоннаны құрағанын атап өтті. Сондай-ақ, оның айтуынша, 2016 жылға дейін КҚК-ын 67 млн тоннаға дейін кеңейту бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Ол ТШО биылғы жылы 26,7 млн тонна мұнай өндіруді жоспарлағанын, ағымдағы жылы аталған жобаны кеңейту бойынша шешім қабылдануы тиіс екенін айтты. «Бұл бізге мұнай өндіруді 38 млн тоннаға жеткізуге және құрылыс кезінде 20 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», - деді энергетика министрі. Алдында ҚР мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин «қолайлы жағдайда кен орнында өндіру 2016 жылдың бірінші жартысы, ал екінші нұсқа бойынша газ құбыры құрылысының толық аяқталуын ескергенде - 2016 жылдың екінші жартысы» деген болатын.