Бүгін Ақордада Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Ұлттық банкіне сенетіндігін атап өтті.
«Ұлттық банкке сенбейтіндей менде еш негіз жоқ. Мен өткен жолы да ескерткен болатынмын, қазіргі өткір кезеңде түрлі арандатулар, өсек-аяңдар, пәлеқорлықтың барлығы пайда әкелмейді. Біз оларды жауапкершілікке тартуымыз керек. Мен тағы да Қазақстан халқына жария етемін: біз ештеңені де жасырмаймыз. Қиындықтар болса, халықпен бірге көреміз және алда туындайтын мәселені ашық айтамыз», - деп тоқталған Президент, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы теңге бағамының күрт ауытқуына жол бермеу бағытындағы қабылданып жатқан шаралар жайында баяндағанын айтты.
Осы орайда Мемлекет басшысы түрлі алыпқашпа әңгімелерге емес, ресми тұлғалардың мәліметіне сенім арту керектігін жеткізді. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Үкіметіне сенім артатындығын да мәлімдеді.
«Бізде Парламент әрекетті және Үкімет өз жұмысында ықшам. Үкімет мүшелері білімді әрі білікті екенін айтқым келеді. Мен Үкімет мүшелеріне сенемін. Сондықтан да бірлесе отырып жұмысымызды жалғастыру керек», -деді Президент. Осы орайда Елбасы Үкіметпен бірлескен жұмысы үшін Парламентке алғысын білдірді.
«Қазіргі кезде жедел және бірлескен түрде жұмыс істеу керек. Әлемде не болып жатқанын білесіздер. Барша Еуропа жұмыссыздық тауқыметін бастарынан өткеруде. Үкіметтер мен Парламенттер таратылуда»,-деп тоқталды Н. Назарбаев.
Президент тарапынан сенімге ие болған Үкімет пен Ұлттық банк жақында Қазақстан экономикасын долларсыздану жоспарын бекітеді. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Келімбетов мәлім етті. «Сәйкесінше жоспар қабылдау болжануда. Онда ең алдымен нормативтік-құқықтық базаға, төлемдер туралы, валюталық реттеу туралы заңдарға өзгертулер енгізілетін болады. Банкаралық айырбас пунктерінің қызметі қатаңдатылады, сонымен қатар валюталық заңнама реттеледі», - деді ол.
Сондай-ақ Қ.Келімбетовтің айтуынша, Ұлттық банк квазимемлекеттік сектор компанияларымен бірлесіп, депозиттердің қандай да бір валютадағы мақсаттылығы туралы мәселені қарастыру үстінде.