Назарбаев шетелдік дипломаттарды қабылдады

Жаңалықтар
17.02.2015, 15:34

Ақордада Қазақстанда тіркелген шет елдік дипломатиялық миссиялар басшыларымен кездесуі барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылдың еліміз үшін ерекшеліктеріне тоқталып өтті.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, биылғы жылғы алғашқы кездесу екенін еске сала келе, миссия басшыларын Жаңа жылмен құттықтап, бақ пен береке тіледі.

«2015 жыл Қазақстан үшін айрықша маңызы бар даталармен анықталады. Бірінші, біз биылғы жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының жиырма жылдық мерейтойын атап өтпекпіз. Бұл Ассамблея негізгі тұтқасы болған Елдің бірлігі жылы болып саналады. Біздің елімізде 17 діни конфессия мен жүзден астам ұлт өкілдері тату тәтті өмір сүруде. Бұған Ассамблеяның қосқан үлесі зор. Екіншіден, қазіргі Қазақстан дамуының басты кепілі болып саналатын бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституциямыздың жиырма жылдығы. Үшіншіден, біз биыл Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтпекпіз. Қазақ хандығы біздің еліміздің түп  тамыры, тұңғыш рет мемлекеттің болашағын белгілеген үлкен тарихи оқиға болып саналады. Төртіншіден, адамзат тарихындағы ең алапат соғыс екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл 70 жыл. Бұл адамзаттық құндылықтарды ұлықтауда, әлемде бейбітшілік құндылығы тұрғысынан баршамызға үлкен сабақ болуы тиіс», деді Н. Назарбаев.

Бұдан бөлек, Елбасы Қазақстанның тәуелсіздіктің жиырма үш жылында тегеурінді мемлекет болып қалыптасқанын, әлемдік нарықтағы күрделі жағдайға қарамастан өткен жылы еліміздің ішкі өнімі 4,5  пайызға өскенін атап өтті.

Сұхбат

PhotoRoom