Ноғаев Батыс Қазақстан жұртына жаңа уәделер берді

Жаңалықтар
18.02.2015, 15:00

Бүгін «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғимаратының үлкен залында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңір тұрғындарымен дәстүрлі есептік кездесуін өткізді. Жиынға  ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Сәлімгерей Бекбергенов, ҚР Энергетика министрі Владимир Школьник қатысты, деп хабарлайды Қазақпарат.

Облыс басшысының өз есебінде атап өткеніндей, соңғы жылдары өнеркәсіп саласы қарқынды дамып келеді. Айталық, өткен жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 1833,9 млрд. теңгеге жетті. Соның ішінде кен өндірудегі өнім көлемі 4,4 пайызға өсті. Өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі бір адамға шаққанда, 33 мың АҚШ долларын құрап, 15,8 пайызға артты.

Елбасы тапсырмасына сәйкес сапалы қазақстандық өнімді өндіруге баса көңіл бөлінетін болады. Бұл бағытта жұмыстанып жатқан кәсіпорындар баршылық. Мәселен, «Орал «Зенит» зауыты» АҚ 1993 жылдан бері жиырмадан астам кемені құрастырып шығарды. Сол секілді «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-да автоматика және басқару жүйелерін жөндеу, қызмет көрсету, газтурбиналық қондырғыларды жөндеу жөніндегі сервистік орталық құрылды. Ақсай индустриялық паркі резидент-компаниялары мен «ҚПО б.в.» арасында 60 млн. АҚШ долларына шарт жасалды. «Оралагрореммаш» АҚ базасында венгриялық «Евопро» компаниясы автобустар құрастыруды қолға алмақшы. Бұл жоба жүзеге асқанда, қаладағы ескі автобустар осындай жаңа үлгілермен ауыстырылады.

Құрылыс саласында «СВ-плюс» және «Болашақ-Т» ЖШС-да сәйкесінше жылына 40 және 50 мың шаршы метр құрастырмалы-қаңқалы және панельді үй шығаратын қос бірдей тұрғын үй құрылысы комбинаты пайдалануға берілді.  Олардың қуаты жетеді, сондықтан қосымша Орал қаласы орталығындағы апаттық жағдайдағы 33 үйдің мәселесін шешу мақсатында  өңірлік бағдарлама жасақталып, жүзеге асырылмақшы.

Индустрияландыру картасы аясында облыста 303,3 млрд. теңгеге 38 жоба қолға алынса, соған байланысты көзделген 2108 жұмыс орнының 1915-і ашылды. 2014 жылы 6,5 млрд. теңгеге үш жоба (643 жұмыс орны) іске қосылса («Орал трансформатор зауыты» ЖШС - трансформаторлар өндіру, «Квант» ЖШС - жиһаз шығару, «Батыс Марқа Ламб» ЖШС - қозы етін өңдеу кешені), биыл тағы екі жобаны (43,7 млрд. теңге, 100-ге жуық жұмыс орны) жүзеге асыру жоспарлануда. Атап айтқанда, «Конденсат» АҚ «Еуро-5» сыныбына сәйкес бензин өндірмекші. Бұл жоба жүзеге асқанда, сапалы жанар-жағар май көршілес облыстарға да шығарылады. Сондай-ақ «Батыс Пауэр» ЖШС Зеленов ауданы Белес ауылында қуаты 200 МВт газтурбиналы электр стансасының бірінші кезеңін биыл іске қоспақшы. Бұл жобаның арқасында облыс электр қуатымен өзін-өзі толық қамтып қана қоймай, көршілес Ресейдің ауыл-аумағына да тарата алады.

Кәсіпкерлік саласында да түрлі жобалар мен бағдарламалар қолға алынып, қолдау көрсетілуде. Өңірде 30,3 мың шағын және орта кәсіпкерлік нысандарында 107,2 мың адам еңбек етеді. Олар өткен жылы 905,7 млрд. теңге өнім өндірді, бұл 1,6 есеге артық. 15 мыңнан астам жұмыс орны сақталып қана қоймай, жаңадан 3300-ден астамы ашылды.

Президент тапсырмасына сәйкес әр өңір өзінің басты даму бағыттарын айқындап, соны жүзеге асыруы тиіс. Мәселен, Орал мен Ақсай қалаларында машина жасау саласына басымдық берілсе, облыстың оңтүстік аудандарында мал шаруашылығын қарқынды дамытуға болады. Бұл үшін түрлі мал індеттерін болдырмауға баса назар аудару қажет. Осы орайда облыста жаңадан ветеринария басқармасы, аудандарда бөлімдер ашылмақшы, сондықтан мал дәрігерлері белсенді жұмыс жасауы тиіс. Ауыл шаруашылығында өткен жылы 83,6 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 2013 жылмен салыстырғанда, 4,2 пайыз өсімге қол жеткізілді. Қазіргі таңда бұл салада 3,8 млрд. теңгенің 6 инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда.

Әр саладағы табыс-жетістіктерге тоқталған облыс басшысы Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес алда қыруар істер атқарылуы керектігін атап көрсетті. ҚХА жылы аясында Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, ҚР Конституциясының 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы сынды айтулы  мерейтойлар аталып өтілмекші. Облыста тоқсаннан астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде.

«Елбасымыз Үкіметтің кеңейтілген отырысында әлемдік экономикалық дағдарысқа байланысты елімізде атқарылар негізгі шараларды белгілеп берді. Ендігі міндет ел болып қиындықтарды еңсеріп, алға қойылған міндеттер үдесінен шыға білуде», деді Н.Ноғаев.

Өңір басшысы жиынға қатысқан тұрғындардың сауалдарына да жауап берді.

Сұхбат

PhotoRoom