Бүгін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды. Өңір басшысы А.Мырзахметов қарсы алып, облыста атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтты.
Мемлекеттік хатшы әуелі 270 орындық Шымкенттегі №1 қалалық балалар ауруханасының ашылуына қатысып, жаңа нысанның жұмысымен және денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерімен жүздесіп, балаларды жан-жақты сауықтыруда табыстарға жетулеріне тілектестік білдірді.
Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында болған Г.Әбдіқалықова өңірдегі этомәдени бірлестіктер жайында мағлұмат алып, орталықтың жұмысымен танысты. Өңірдегі этномәдени бірлестік өкілдерімен өткізген кездесуінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Жылын өткізудің қоғамдық-саяси мәні жоғары екенін айтып, барлық іс-шаралар «Менің елім – Мәңгілік Ел» атты басты идеяны, бейбітшілікті, қоғамдық келісім мен халықтың бірлігін нығайтуға бағытталуға тиіс деп атап көрсетті.