"Самұрық" пен Астана жаңа құжат рәсімдеді

Жаңалықтар
20.02.2015, 17:17

Бүгін елорда әкімдігінде Астана қаласының әкімдігі және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы арасында кәсіпқой спортты дамыту саласындағы өзара ынтымақтастық жөніндегі Меморандумға қол қою рәсімі өтті.

Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков пен «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Өмірзақ Шөкеев қол қойған меморандум өзара ынтымақтасты жетілдірудің, атап айтқанда Елбасының қолдауымен 2012 жылдың желтоқсанында құрылған«Астана» Президенттік кәсіпқой спорт клубын дамыту бойынша бірлесе жұмыс істеудің басым бағыттарын белгілейді.

-  Елбасының салауатты өмір салтын қалыптастыру, денешынықтыру және кәсіпқой спорт салаларына қатысты тапсырмаларын орындау – біздің ортақ міндетіміз. Әкімдік пен «Астана» спорт клубының бірлескен әрекеті негізінде біз денешынықтырумен жүйелі түрде шұғылданатындардың санын арттырып, елорданың спорттық нысандар желісі мен сауықтыру демалыс инфрақұрылымын кеңейтуіміз қажет. Әкімдік өз тарапынан денешынықтыру және спортты дамыту мен насихаттау бойынша клубпен кез келген уақытта ынтымақтасуға дайын, - деді қала әкімі.

Өмірзақ Шүкеевтің айтуы бойынша, Астана қаласы әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ-ның кәсіпқой спортты дамыту бағытындағы бірлескен қолдау шаралары болашақта қазақстандық спортшылардың халықаралық сайыстарда жарқын жеңістерге жетулеріне септігін тигізуі тиіс.

Қазіргі уақытта «Астана» ПКСК құрамында отандық ең үздік спорт клубтары – әлемге әйгілі кәсіпқой велокоманда, баскетбол және футбол клубтары, «Барыс» хоккей клубы, Дакар жолдарын бағындырған «Astana motorsports» командасы, «Astana Arlans» боксшылары, ат сайыс пен судағы поло командалары және ұлттық күресті дамытуға арналған бірегей «Қазақстан барысы» жобасы шоғырланған. Сонымен қатар «Астана» брендімен ауыр атлетикадан екі дүркін Олимпиада, төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин және конькимен мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, 2015 жылғы төрт құрлықтың чемпионы Денис Тен есімдері дүние жүзіне танылып жүр.


Сұхбат

PhotoRoom