Ресейдің мемлекеттік облигацияларының тұрақсыздығы нені аңғартады?

Сараптама
23.02.2015, 10:11

Кеше халықарылық Moody's агентігі Ресейдің мемлекеттік облигацияларының рейтингін «Ва1» деңгейіне дейін төмендетіп, оны тұрақсыз деп бағалап, «Ресейдің мемлекеттік облигациялар жүйесі қоқысқа малтықты» деп мәлімдеді. 

Мемлекеттік облигация бюджет шығынын жабу үшін және түрлі мемлекеттік ірі жобаларды қаржыландыру үшін шығарылатындықтан біз бұл тақырыпты тереңірек сараптауды жөн көрдік. Көрші елдің мемлекеттік облигацияларының рейтингінің төмендеуі бізге нені аңғартады? Жалпы, мемлекеттік облигацияларының құны түсе бастаса Ресей болашақта бюджет шығыны мен ірі жобаларын қалай қаржыландырмақ? Мұндай жағдайда Қазақстанға қалай сақтану керек? «Алаш айнасына» пікір білдірген мамандарымыз арқылы біз мәселені тарқатып көруді жөн санадық.

Негізінде, мемлекеттік облигацияны орналастыру кезінде тартылатын қаражаттың көлемі мен құрылымы, сондай-ақ оның жұмсалу тәртібі елдің бюджет заңдарына сәйкес белгіленеді. Шығарушысына қарай аймақтық атқарушы билік органының мемлекеттік облигациясы, республикалық атқарушы билік органының мемлекеттік облигациясы, мамандандырылған үкімет мекемелерінің мемлекеттік облигациясы; қарыз валютасына (айналыс нарығына) қарай сыртқы мемлекеттік облигация және ішкі мемлекеттік облигация болып бөлінеді. Міне, халықарылық агенттіктер қазірде бірінен кейін бірі Ресейдің осы мемлекеттік облигациялар жүйесін тұрақсыздыққа телуде.

Жалпы, бұған дейін ресейлік сарапшылар «Батыстың санкциясы, рубльдің құлдырауы, әлемдік нарықта мұнай бағасының түсуі тәрізді жайттарды ескере отырып мемлекетік облигациялар яғни мемлекеттік құнды қағаздар нарығында 3-5 пайыздық құлдырау болады» деп болжаған болатын. Бірақ байқап отырғанымыздай, аталмыш елдің бұл нарығы 12 пайыздық межеге дейін өз құнын түсіріп алды. Мәселен, атап айтсақ, елдегі ірі-ірі жобаларды қаржыландыруы тиіс облигация иегері «Газпромның» құнды қағаздары - 11 пайызға, «Уралкалий» акцияларының құны - 11 пайыз, «ВТБ» банкінің акциялары - 12,5 пайыз, «Сбербанк» акцияларының құны - 8 пайызға арзандады. Тіпті «Мечел» металлургиялық компаниясының акциялары 26 пайызға арзандап, бұл компанияның акцияларын саудаға шығару тоқтатылды. Осылайша Ресейдің облигациялар жүйесіндегі инвестиция барынша орталанып қалды.  Ал бұдан біз не түйеміз?

 

Басты қауіп - рубльдің  девальвациясы жалғасады

Мамандардың пайымдауынша, Ресейдің облигациялар нарығындағы ахуалдың кері құбылуы жақсы нышан емес. Себебі Ресей енді өзінің инвесторларын одан әрі жоғалтып алмас үшін алтын-валюта қорындағы қаржысын да қол сала бастайды. Ал бұл әрекет елде алтын-валюта қорының қорының азаюына жол береді де, одан әрі қор азайғаннан кейін Ресей рубльдің бағамын тежеп ұстап тұра алмайды. Сондықтан болашақта жағдай бұлай қалыптасар болса, рубльдің құнсыздануы жалғаса береді. «Ал мұның арты теңгенің девальвацияға ұшырауына апарып соқтырады. Экономикасы Ресеймен байланған мемлекет ретінде біз бұдан қауіптенуіміз керек» дейді мамандар.

Тоғжан ШАЯХМЕТОВА, экономист-сарапшы:

- Ресей мен Қазақстанның экономикасы қатты ұқсас, екеуі де мұнай экспорттайтын елдер. Оның үстіне, Қазақстан үшін негізгі сауда әріптестерінің бірі, экспортын тұтынатын негізгі ел Ресей екенін біз ұмытпауымыз керек. Егер рубль арзандаса, Ресей тауары да арзандайды. Ал мұнымен келіспестен біз теңгенің бағамын осылай ұстап тұра берсек, қазақстандық тауарлар қымбаттайды да, тұтынушының басым бөлігі арзан Ресейдің тауарына жүгіреді. Отандық тауардың өтімсіз болуы отандық өндіріске соққы. Сондықтан теңгенің құнын кемітсе ғана қазақстандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігі күшейедіСондықтан  бұл жерде экономикасы Ресейге байланып отырған ел ретінде теңгенің құнын тағы түсіруімізге тура келеді. Қазір Ресей инвесторларын жоғалтып алмауы үшін, елдегі банктерді қолдау үшін тағы басқа толып жатқан шығындардың орнын жабу үшін өзінің алтын валюта қорын азайтып алып отыр. Алтын валюта қоры азайған елдің ұлттық валютасының да құны түсе береді. Бұған қоса Ресейдің мемлекеттік облтгациялар нарығына салынадтын инвестиция көлемі де тым орталанып кетті. Мұның барлығы рубльдің құнын түсірмесе өсірмейді. Әрине, Ресей уақытша ұстап тұра алар, бірақ ол көпке созылмайды. Сондықтан бұл арада рубль девальвациясы әлі жалғасын табатынын аңғарамыз. Ал бұл артынша теңгеге де оңай болмайды.

 

Көршінің қалтасы тесік, бірақ мысқылдаудың қажеті жоқ

Абзалында, Ресейге инвестиция азаяр болса, онда көрші елді мысқылдаудың қажеті жоқ. Себебі Ресей бастысы бізге күш салатынын мамандар жасырмай отыр. Қазірдің өзінде Ресейдің бюджеттік шығындары үш айдың көлемінде артып, халықтың ақшалай табыстары кеміп елде жұмыссыздар саны да артып отыр. Мысалы, бұған дейін Ресейге күрделі салымдар құйған инвестор мемлекеттердің үлес салмағы: Германия – 20,2% (4001 млн доллар), Кипр – 11,8% (2327 млн долл), Ұлыбритания – 11,5% (2271млн долл), Швейцария – 6,8 (1349 млн долл), Франция - 6% (1184 млн долл), Нидерланды – 5,9% (1168 млн долл), АҚШ – 5,7% (1133 млн долл), Жапония – 2,2% (441 млн долл), Австрия – 1,9% (376 млн долл), Швеция – 0,7% (139 млн долл) еді. Ал Батыс тарапынан санкциялар салынғалы бері Ресейге аталмыш елдерден келетін қаржы көзі тым азайып кетті. Бір сөзбен айтқанда қазір Ресейдің қалтасы тесік.

Марал ТӨРТЕНОВА, экономист-сарапшы:

- Ресейден кетіп жатқан инвестицияның бізден де кері қашпауы үшін мемлекетік тұрғыда қорғану, сақтану шаралар атқарылуы тиіс. Тіпті біз сол Ресейден кетіп жатқан инвестицияның айналып келіп Қазақстан экономикасына құйылуына жағдай жасағанымыз абзал. Егер сәтті пайдаланып Ресейден қашып жатқан инвестицияны өз елімізге әкеле алсақ, бұл оңды шешім болар еді. Әрине ол үшін салмақты, сауатты тәсілдерді үйрену, зерттеу керек. Қазір Ресейдің «Роснефть», «Газпром», «Транснефть» тәрізді компанияларына қаржы табу қиынға соғып отыр. Бұл компанияларға инвестиция салудан еуропалық инвесторлар бас тартып отыр. Негізінде, Ресейге инвестиция азайса, оны бізге мысқылдаудың қажеті жоқ. Себебі инвестициясы азайған Ресей енді бізге өз өнімін қымбатқа сата бастайды. Сол арқылы аз да болса түсім көргісі келеді. Сондықтан Ресейдің ірі компанияларының даму сатысы төмендеп, қаржы табу қиындаса бұл бізге де оңай болмайды. Біріншіден, Ресей ендігі кезекте бізге беретін өнімдерін екі есеге қымбаттатып жіберуі мүмкін. Екіншіден, кедендік түрлі тарифтер енгізіп Одақ аясында жеңілдіктер алуды қиындатуы ғажап емес. Үшіншіден, Ресей Одақ аясында кеденнің талабына сай техникалық регламенттерді, кедендік салықтарды, ҚҚС өсіруі де әбден мүмкін. Төртіншіден, елдегі Ресеймен біріккен кәсіпорындарды Ресей тарапынан қаржыландыру қиындап, қайсыбір кәсіпорындардың жайы әлден қиындай бастады. Бұл да бізді ойлантуы тиіс. Жалпы, көршідегі ахуалдың қиындауынан бізге де оңай болмайды. Бұл арада біз отандық өндіріске ғана арқа сүйей аламыз. Демек бізге қысқа мерзім ішінде шикізатты сыртқа шикі күйінше жібере бермей ең соңғы дайын өнімге дейін өнім өндіру саласының дамуына күш салу керек. Олай етпесек біздің өсіп-өнген елдердің қатарына қосылуымыз екіталай...

Автор: Қарлығаш Зарыққанқызы

"Алаш айнасы"

Сұхбат

PhotoRoom