138,5 млрд теңге керек - Школьник

Жаңалықтар
23.02.2015, 11:27

«Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркi» арнайы экономикалық аймағының инфрақұрылым нысандары құрылысын толығымен аяқтау үшiн 2016-2018 жылдарға 138,5 млрд теңге қажет. Бұл туралы бүгiн ҚР Президентi жанындағы ОКҚ брифингi барысында Энергетика министрi Владимир Школьник мәлiмдедi, деп хабарлайды BNews.kz.

«2007 жылы ҚР Президентi Жарлығымен «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркi» арнайы экономикалық аймағы (АЭА – агенттiк) құрылды. Оның аумағы 3475 гектарды құрайды. Ол Қарабатан, Теңiз, Атырау қаласы деген үш бөлiкке бөлiнді», - деген В.Школьник оның әрқайсына нақты тоқталып өттi.

Оның айтуынша, бүгiнгi күнi АЭА-де бiрiншi кезекте iске асырылуы тиiс жобалар тiзiмi айқындалған. Олардың негізін мұнай және газ өндiру, қайта өңдеу, мұнай-химия және оған байланысты машина жасау саласы, сервистiк қызметтер бойынша кластерлер құрамақ.

«Бiз жақында ғана Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша батыстағы үш облысты аралап, инфрақұрылым құрылысымен таныстық. Әрине, бұл экономикамызды дамытуға зор үлес қосатын ауқымды құрылыс екенi сөзсiз», - деген министр АЭА-дегі өндiрiс көлемiне тоқталды.

«Жылына 500 мың тонна полипропилен, 800 мың тонна полиэтилен және 250 мың тонна бутадиен өндiрiлмек. Қазiргi уақытта АЭА аумағында Теңiз кен орнынан алынған газды терең қайта өңдеу бойынша екi негiзгi жоба iске асырылуда. Сонымен қатар, полиэлимер өнiмдерi өндiрiсi бойынша жоба қолға алынған. Ол жазда iске қосылады», - деп тоқталды В.Школьник.

Министр АЭА-де инфрақұрылымдық жобалар iске асырылып жатқанын да тiлге тиек еттi.

«Техникалық-экономикалық негiздемеге сәйкес, инфрақұрылым нысандары құрылысының құны 245,5 млрд теңгенi құрайды. Оның 93 млрд теңгесi 2014-2015 жылдары Ұлттық қордан бөлiнбек. 2011-2014 жыл аралығында онда 14 млрд теңгенiң инфрақұрылымдық нысандары салынған. Осылайша, болашақта инфрақұрылым нысандары құрылысын толығымен аяқтау үшiн 2016-2018 жылдары 138,5 млрд теңге қажет болмақ», - деп түйiндедi өз ойын ол.

 

Сұхбат

PhotoRoom