Сапалы бензинге 1 жылдан кейін қолымыз жетеді

Жаңалықтар
23.02.2015, 11:43

ҚР Энергетика министрi Владимир Школьник елдегi мұнай өңдеу зауыттарының жаңғырту жұмыстары 2016 жылдан соң толығымен аяқталатынын хабарлады.

Оның сөзiне қарағанда, Атырау мұнай өңдеу зауытында технологияны жаңғырту және қайта құру жұмыстары жалғасуда.

"Өте кең ауқымды технологияны ескеретiн болсақ, зауытта мұнай-химия және жанар-жағармай режимдерi бойынша жоғары октанды бензиндi шығара алады. Жобаның жалпы құны 1 млрд. 098 млн. долларды құрайды. Оның 1 млрд. 064 млн. доллары - Қазақстанның даму банкiнiң қаражаты. Кешен пайдалануға берiлгеннен соң, онда 357 жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар онда мұнайды тереңдете өңдеу кешенi салынуда. Жобаның жалпы құны - 2 млрд. 23 млн. доллар. Қазiргi уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары жасалуда. Онда шамамен 3,8 мыңнан астам адам жұмысқа тартылды. Аталмыш нысан 2016 жылдың соңында салынып бiтедi", - деп атап өттi ол.

Кешендi пайдалануға бергеннен соң, шикi мұнайды өңдеу көлемi жылына 5 млн. тоннадан 5,5 млн. тоннаға дейiн өседi. Өндiрiлетiн жанар-жағармай сапасы  еуро-4, еуро-5 деңгейiне дейiн жеткiзiледi. Сонымен қатар зауытта қосымша құны жоғары мұнай өнiмдерi шығарылады, бұл - бензол (132 мың тонна), параксилол (500 мың тонна).

Шымкент өңдеу зауытын жаңғыртуға 1 млрд. 829 млн. доллар қарастырылған. Қаржыландыру ҚазМұнайГаз компаниясының және қарыз ақшалардың негiзiнде iске асады. Қазiргi уақытта инвестицияның 5 пайызы жұмсалды.

"Жоба 2016 жылы пайдалануға берiледi. Жаңғыртудан кейiн, Шымкент өңдеу зауытының өнiмдiлiгi 6 млн. тоннаға жетедi. Мұнайды терең өңдеу үлесi 90 пайызға жуықтайды. Жанар-жағармай еуро-4 және еуро-5 сапасы бойынша шығарылады", - дейдi министр.

Ал Павлодар мұнай өңдеу зауытын жаңғырту құны-  1 млрд. 218 млн. доллар. Пайдалануға 2016 жылдың соңында берiледi.

Зауыт жаңа технологияларға ие болғаннан соң мұнай өңдеу көлемi 7 млн. тоннаға жетедi, мұнда да еуро-4 мен еуро-5 жанар-жағармайлары шығарылады. Отандық мұнай өңдеу зауыттарын жаңарту аяқталғаннан кейiн мұнайды қайта өңдеу көлемi 29,4 пайызға артады, яғни 14 млн. 297 мың тоннадан 18 жарым млн. тоннаға жетедi. Мұнайды өңдеу тереңдiгi 90 пайызға жетпек. Осы орайда сұранысқа ие АИ-92 маркалы бензиндi өндiру қазiргi 12 пайыздан 21 пайызға, ал АИ-95 және АИ-98 бензинi бойынша 0,7 пайыздан 10 пайызға дейiн арта түседi. Осылайша, Қазақстан 2016 жылдан кейiн өз нарығын толығымен сапалы бензинмен және дизельмен қамтамасыз етедi, оны өзге елдерден экспорттау қажеттiлiгi болмайды", - деп атап өттi Школьник.

Қазақпарат

 

Сұхбат

PhotoRoom