«Қазақ хандығы: Ұлы даланың ұлы бейнелері» көрмесі ашылады

Жаңалықтар
24.02.2015, 10:15

Ертең Астанада Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейінде бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер туындыларының «Қазақ хандығы: Ұлы даланың ұлы бейнелері» атты қор көрмесінің ашылу рәсімі өтеді, деп хабарлады  музейдің баспасөз қызметі.

Экспозиция алғаш рет дәстүрлі қазақ қоғамының тарихи және мәдени мұраларын айғақтайтын бірнеше музейлік жинақтарды ұсынып отыр. Көрменің мақсаты қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен нығаюында маңызды орын алған, Қазақ хандығы тарихындағы айтулы оқиғалар мен жарқын тұлғаларды көрсету. Қазақ хандығының кең байтақ кескіндемелі бейнесін танымал қазақстандық суретшілер, мүсіншілер, зергерлер, жаңғыртушылар туындылары көз алдымызға елестетеді.

Экспозицияда бірқатар тарихи жәдігерліктер - Ресей патшайымы І Елизаветаның атынан Абылай ханға тарту етілген атақты қылыштың бөлігі, Бөлек батырдың дулығасы, сонымен қатар Қ. Алтынбековтың тарихи дәлдікпен орындаған қазақ хандарының мөр-жүзіктері мен А. Абдубаиттің алтын зерлі жіппен кестеленген көркем паннолары маңызды орын алады.

Көптеген жәдігерлер көпшілік қауымға алғаш рет ұсынылып отыр. Осылардың қатарында Қытайлық Цин династиясының кезеңіне жататын бірегей паннолар маңызды орын алады. Оларда қытай императорлардың әртүрлі мемлекет өкілдерімен дипломатиялық сыйлық алмасу рәсімі бейнеленген. Осы дипломаттар қатарында Қазақ хандығының да өкілдері бар. Осындай бірегей, мұрағаттық-бейнелеу дереккөздері ҚХР мұрағаттарынан табылған, ал олардың дәл көшірмелері ҚХР-дағы ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі, қазіргі кезде Президенттің Көмекшісі-ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Н.Б. Ермекбаевтың бастамасымен жасалған болатын.

«...Қазақ мемлекеттілігінің тарихының өмір сүру кезеңі жиырмасыншы ғасырдың шегінен асып түседі...», - деп атап өткен болатын Н.Ә. Назарбаев «Тарих толқынында» атты еңбегінде. Қазақ хандығының тарихы мен мұрасын зерттеу тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана мүмкін болды. Қазақ хандығының мерейтойын атап өтудегі басты назар ұлттық бірегейлік, тарихи бастауларды іздеуге арналып отыр. Экспозиция Музейдің Күмбезді залында орналасуы символ мәнді: себебі дәл осы жерде 1997 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Қазақстанның жаңа астанасын жария етекен болатын. Күмбезді залдың өзі де Қазақстан халқының еркіндігі, бірлігі және оның сабақтастығының рухына тұнып тұр.

«Қазақ хандығы: Ұлы даланың ұлы бейнелері» атты көрме 2015 жылдың 28 қыркүйегіне дейін жалғасады.

Сұхбат

PhotoRoom