Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиев түрмеде қайтыс болды, - деп хабарлайды РИА Новости сот өкіліне сілтеме жасап. Алдын ала мәлімет бойынша, ол өзіне-өзі қол жұмсаған.
Австрияның Kurier басылымының мәліметінше, Әлиев камерада асылып қалған күйі табылды. Оның адвокаты Әлиевтің суицидке барғанына күмән келтіреді.
Рахат Әлиев 2007 жылға дейін Қазақстанның Австриядағы елшісі қызметін атқарды. 2008 жылы ол Қазақстанда ауыр қылмыстар жасағаны, атап айтқанда, отанын сатқаны, мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғаны үшін 40 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі сырттай шығарылды.
Еске сала кетейік, Рахат Әлиев өткен жылдың 5 маусымы күні Венада ұсталған еді. ҚР Бас прокуратурасы оны ұстауға "Нұрбанк" АҚ топ-менеджерлері Темірәлиев пен Хасеновті ұрлау мен өлтіруге қатысты тергеу материалдары негіз болғанын хабарлады.
Рахат Әлиев ақпанның 23-нінен 24-іне қараған түні өзінің facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасына әкесіне қоштасу хатын жазған болатын. Ол өзінің жазбасының соңында "Әкемнің жалғыз ұлы маған екі есе ауыр. Соңғы перзенттік парызымды өтей алмадым" деп жазған болатын.