Елбасы Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев және Мәжіліс төрағасы Қабиболла Жақыповпен консультация өткізді. Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын өткізу туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасы қаралды.
Мемлекет басшысы бұл бастаманы ел-жұрт, соның ішінде еңбек ұжымдары мен қоғамдық бірлестіктер мүшелері, зиялы қауым, жастар және аға буын талқылап жатқанына тоқталды.
– Бастаманы Парламент палаталары да қарап, қолдау білдірді және маған тиісінше үндеу жолдады. Парламент Сенатының сұрауы бойынша Конституциялық Кеңес осы мәселе жөнінде нормативтік қаулы қабылдады, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев елдегі негізгі салаларды дамытуға бағытталған бірқатар мемлекеттік ұзақмерзімді бағдарламалардың белсенді түрде жүзеге асырылып жатқанына назар аударды.
– Менің ойымша, қазақстандықтар аталған бағдарламаларды жүзеге асыру ісіне жұмылу үшін сайлау өткізу қажет деп санайды. Сондай-ақ тұрғындар әлемде болып жатқан оқиғаларға және ел ішіндегі тұрақтылықты сақтауға байланысты алаңдайды. Бұдан арғы жұмыс үшін халықтың қолдауы қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Қ.Тоқаев Конституция ережелеріне сай келетін Президент сайлауын өткізуді қолдады. Ол қазіргі уақытта, әлемде қалыптасқан тұрақсыздық жағдайында бүкіл елімізге Мемлекет басшысының беделі қажет екенін атап өтті.
Қ.Жақыпов Мәжіліс депутаттары мен Қазақстан қоғамының түрлі топтары елдің жетістіктері мен әлемдегі ахуалды ескере келіп, сайлау өткізуді қолдап отырғанын айтты.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы Премьер-Министр Кәрім Мәсімовпен консультация өткізді. Кездесу барысында Мемлекет басшысы биліктің заң шығарушы және атқарушы тармақтары басшыларымен консультациялар ел тұрғындары мен түрлі ұйымдардың Президент сайлауын өткізуге қатысты ой-пікірлеріне байланысты өткізіліп отырғанын айтты.
– Халық мемлекет жүзеге асырып жатқан бағдарламалар жалғастырылып, өз мәресіне жеткізіледі, ал олардың нәтижелері жұрттың өмірін жақсартуға мүмкіндік береді деп күтіп отыр. Бұл мәселе инвесторлар үшін сенімділік беріп, жаңа перспективаларға жол ашатындықтан маңызды мәнге ие, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
К.Мәсімов қоғамда Президент сайлауын өткізу мәселесі белсенді талқыланып жатқанын растады.
– Үкімет сайлау өткізу үшін заңдық тұрғыдан кедергі көріп тұрған жоқ. Іс жүзіндегі қисындылық жөнінен, Сіздің «Нұрлы жол» Жолдауыңыз дер кезінде жасалып, ел ішінде және сыртында жоғары бағаланды. Сондай-ақ Сіз «Қазақстан-2050» Стратегиясында ұзақмерзімді іс-қимыл жоспарын ұсындыңыз. Осыған байланысты сайлау өткізу мәселесі дер кезінде көтерілді, өйткені ол аталған шаралардың бәрін жүзеге асыру үшін қосымша мандат береді. Жалпы алғанда, сайлау Қазақстанның тұрақты дамуы үшін қажетті сенімді еселей түседі, – деді Премьер-Министр.
Үшінші болып Президентке Конституциялық Кеңес төрағасы Игорь Рогов кірді. Мемлекет басшысы Конституциялық Кеңеске Президент сайлауын өткізу мүмкіндігіне қатысты сауал жолданғанына тоқталды. Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталары төрағаларымен, сондай-ақ Премьер-Министрмен консультациялар өткізгенін айтты. Қазақстан Президенті сайлау өткізу Конституция талаптарына дәлме-дәл сай болуы тиістігін атап өтті.
И.Рогов Негізгі заңның 41-бабының 3-1-тармағына сәйкес, кезектен тыс президенттік сайлауды белгілеу тек Қазақстан Президентінің құзыретіне жататынына тоқталды. Аталған конституциялық құзырет ешқандай шартқа және шектеуге байлаулы емес, Мемлекет басшысы оны дербес жүзеге асырады. Осыған байланысты Конституциялық Кеңес төрағасы кезектен тыс Президент сайлауын өткізуге қандайда бір конституциялық құқықтық кедергінің жоқ екенін айтты.