Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестіктің бірыңғай қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыруы кезінде құпия ақпаратты қорғау тәртібі және оны жария еткені үшін жауаптылық туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңы қабылданды, деп хабарлайды Қазақпарат.
Келісімде Комиссияның бәсекелестіктің бірыңғай қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыруы кезінде құпия ақпаратпен алмасу тәртібін ретке келтіру және оны жария еткені үшін жауаптылықты белгілеу көзделген.
ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың айтуынша, келісім Еуразиялық экономикалық комиссиясының мемлекеттік билік органдары арасындағы бәсекелестікті іске асыру шеңберіндегі заңды және жеке тұлғалары қатысатын құпия ақпараттарға қатысты қолданылады. Бұл ретте келісім нормалары бойынша бәсекелестік қағидалары туралы өтініштерді, материалдарды қарау, бәсекелестік қағидаларын бұзушылықтарға тергеу жүргізу, бәсекелестік қағидаларының бұзылғаны туралы істерді қарау шеңберінде қолданылады.
«Келісімде құпия ақпараттарды жария еткені үшін жауапкершілік көзделіп отыр. Бұл ретте иммунитеттен айырылған комиссия қызметкерлері тұрғылықты жері бойынша азаматтық-құқықтық жауапкершілікке, ал азаматтығы бойынша қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін», - деді Е.Досаев.
Министрдің айтуынша, құжаттың қабылдануы трансшекаралық нарықтарға бәсекелестіктің бірыңғай қағидаларының сақталуын бақылауға өкілеттіктерді Еуразиялық экономикалық комиссияға беруге жол ашады. Бұдан бөлек, ЕЭК аясында бірқатар шешімдерді іске асыру қамтылады және құпия ақпараттар алмасу тәртібін ретке келтіреді. Ондай ақпараттарды жариялағаны үшін жауаптылық қарастырылады.
Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.