Бүгін Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Экономикалық Ынтымақтастық және Даму ұйымының (ЭЫДҰ) бәсекелестікке бейімделу жөніндегі Еуразиялық Бағдарламасының басшысы Антонио Соммамен және ЭЫДҰ-ның бір топ сарапшыларымен кездесті.
Кездесуге Ұлттық экономика вице-министрі М.Әбілқасымова, Білім және ғылым вице-министрі Т.Балықбаев, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі А.Цой қатысты.
Мемлекеттік хатшы 2015 жылғы 22 қаңтарда Давос қаласында, 2015-2016 жылдарға арналған ЭЫДҰ-Қазақстан арасындағы жеке ынтымақтастық бағдарламаға қол қойылғаны екі-жақты қарым-қатынастардың жоғары деңгейге жеткендігінің белгісі деп атап өтті. «Біз ЭЫДҰ-мен дәл осындай жеке бағдарламаға жеткен алғашқы мемлекетпіз және мұны Қазақстан Республикасының ЭЫДҰ мүшелері қатарына енуінің алғашқы қадамы деп есептейміз», - деді Г.Әбдіқалықова.
Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстанның ЭЫДҰ-мен өзара белсенді қатынас құруы келешекте осы ұйым мүшелерінің деңгейі мен қалыптарына жетуі стратегиялық мақсатымыз негізінде болғанын айтты. Қазақстан ЭЫДҰ-ның құрамындағы мемлекеттердің тәжірибесін, жаңа әдістер мен инновацияларды, ноу-хауларды толық пайдалануға, ЭЫДҰ-ның сарапшылық әлеуеті еліміздегі экономикалық саясаттың дамуын сараптауға көзделгенін атап өтті.
Өңірдегі алғашқы мемлекет ретінде, Қазақстан ЭЫДҰ-ның Еуропалық Одақ мүшелерімен қатар Еуразиялық бәсекелестікке бейімделу бағдарламасының Орталық-Азиялық бастамасының тең төрағасы болды.
Кездесу барысында білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік интеграция салаларындағы маңызды мәселелер талқыланды.
Кездесуде гендерлік теңдікті күшейту мен экономика саласындағы қызметке әйелдердің толық қатысуының арқасында Қазақстанның бәсекелестік қабілетін көтеруге көзделген ЭЫДҰ-ның бастамасы жеке мәселе ретінде талқыланды.
Мемлекеттік хатшы ЭЫДҰ-ның бұл бастамасын қолдап, бағдарламаның орындалуы еліміздегі әйелдер кәсіпкерлігінің дамуына, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты аясындағы жоспарланған ауқымды инфрақұрылымдық жобаларға әйелдердің белсенді қатысуына оң әсер ететінін айтты.
Кездесуге қатысушылар білім, жұмыспен қамту, кәсіпкерлік саласында гендерлік теңдікті нығайту жолындағы кедергілерді зерттеу және жою, гендерлік мәселелер жөніндегі ұлттық статистиканы халықаралық стандарттарға келтіру барысындағы өзара іс-қимылдың жай-күйі мен келешегін кең түрде талқылады.