Президент сайлауын өткізу туралы бірқатар қаулы қабылданды

Жаңалықтар
27.02.2015, 15:40

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысында 2015 жылғы 26 сәуірге тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру мен өткізуге қатысты төрт қаулы қабылданды. 
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссия құру туралы шешім қабылданды және оның құрамы бекітілді. 
Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау рәсімі еш өзгерген жоқ, ол 2005 жылғы 31 тамыздағы «Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау рәсімі туралы» Ортсайлаукомның қаулысымен айқындалады. 
Сонымен қатар Ортсайлауком Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатты қолдайтын сайлаушылардың дұрыс қолдарының саны кемінде 93 мың 
012 қолды құрауы тиістігін белгіледі. Қолдарды жинауды сенім білдірген адамдар ұйымдастырады. Қолдарды жинайтын топтардың саны мен мөлшері шектелмейді. Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы қол қою парақтарын беру және Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатты қолдап жиналған қолдардың растығын тексеру мерзімдерін қысқарту туралы шешім қабылдады. Қол қою парақтарын Ортсайлауком кандидаттың Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда белгіленген талаптарға сәйкестігі тексерілгеннен кейін екі күнтізбелік күн ішінде береді. Бұған дейін бұл рәсімге бес күн жұмсалатын. Аумақтық сайлау комиссияларының кандидатты қолдап жиналған қолдардың растығын тексеру мерзімі күнтізбелік он күннен бес күнге дейін қысқартылды. 
Сонымен қатар Ортсайлауком 2015 жылғы 26 сәуірге тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі берген аккредиттеу туралы куәлігі болған жағдайда, сайлауды байқауды жүзеге асыруға құқылы екенін белгіледі. Бұл ретте халықаралық байқаушыға, сондай-ақ шетелдік бұқаралық ақпарат құралының өкіліне, жеке басын куәландыратын құжаты болған жағдайда, бір аудармашы ілесіп жүре алады. 
Аталған қаулымен халықаралық байқаушы сауаланамасының мәтіні бекітіліп, халықаралық байқаушыларды аккредиттеу 2015 жылғы 20 сәуірде аяқталатыны белгіленді. 
Ортсайлаукомның отырысы аяқталғаннан кейін Орталық сайлау комиссиясының бұқаралық ақпарат құралдарымен тиімді өзара іс-қимыл жасауын, оның қызметінің және сайлау процесінің барлық кезеңдерінің ашықтығын арттыруды, сондай-ақ елдің сайлау заңнамасының ережелерін көпшілікке тарату мен түсіндіруде маңызды рөл атқаруды қамтамасыз етуге негізделген баспасөз орталығы ашылды. 

Сұхбат

PhotoRoom