ЭКОНОМИКАЛЫҚ БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІН РЕТТЕУ КЕРЕК ...

Сараптама
02.03.2015, 15:02

Еліміздегі бірнеше банктің рейтінгісі соңғы уақытта бірнеше рет өзгерді. Standard & Poor’s  рейтинг агенттігі жуықта ғана Қазақстанның алты банкіне рейтингтік баға берді. Оның ішінде «Альфа-Банк», «Kaspi Bank», «ДБ «PNB" болған. Аталған банктердің ұлттық шкала бойынша рейтінгі де төмендеген. Сөйтіп, «Тұрақты»-дан «Келеңсіз» рейтінгісіне ауыстырылған. Ал, «Евразиялық банк» «Позитивті» -ден «Тұрақты»-ға түскен. «Fortebank» «Казинвестбанк» және «Аграрлық несие корпорациясының»  ұзақ және қысқа мерзімдік несие рейтингтері белгіленді.

Осы банктердің барлығында салалық тәуекел өскен. Сарапшылардың айтуынша, банктерге алдағы уақытта несие беру мүмкіндіктерін қарастырулары қажет болады.  Standard & Poor’s сарапшылары 2015-2016 жылдары Қазақстанда ЖІӨ-дегі ағымдық операциялар есебіндегі тапшылық  шамамен  4% асады деп күтуде. Олар сондықтан да Ұлттық банк біртіндеп ұлттық валютаның құнсыздануына ерік беруі немесе оны девальвациялаудың өзге де жолдарын қарастыруы мүмкін дейді.

Белгілі экономист Бейсенбек Зиябековтың айтуынша, жалпы банк жүйесін бір қалыпты дамыту үшін экономикалық басқару жүйесін реттеу керек. Айналып келгенде девальвацияны дәл қазіргіден мүлдем бөлек тәсілмен жүргізуге болады, ол халыққа да ауыртпалық салмайды дейді. Айталық, 10 пайыз емес, әр азаматқа бүкіл девальвациядан келген шығынды Үкімет жабуға мәжбүр болатын болса, міне, сонда жоғары жақ келесі жолы ахуалды осынша ушықтармаудың амалын ерте жарықта ойлауға талпынар еді. Өкінішке орай, қашанда «айран ішкен құтылды, ыдысын жалаған ұтылды», соңғысы халық болып отыр ғой... Халық алдындағы билік жауапкершілігі қаншалықты екенін әрқайсымыз әрине өзімізше бағалаймыз... Менің бір білерім, девальвация шығынын Үкімет халықпен теңдей көтеруі тиіс. Мысалы, халық бұл жолы 20 пайызға ұтылды ма, Үкімет те дәл осы шығынды мойнына ілуі керек, бізде тағы да қарапайым азаматтардың иығына зіл батпан салынды емес пе? ...Қазақстанның банк саласы 2008 жылы да қатты дағдарысты басынан өткерді, оған дейін де бірталай ауытқулар орын алды. Демек, банктің бүкіл құрылымынан бастап, оның қызмет істеу жүйесін түп-тамырымен өзгертетін уақыт әлдеқашан жеткен. Меніңше, банктердің есін жиғызар бір жол, меніңше, оларды жекеменшіктіктен бас тартқызу керек. Яғни, Қазақстанда мемлекеттік банктерді көптеп ашу қажет. Үкімет өзінің мемлекеттік саясатын банк арқылы жүргізуі керек. Біз өкініштісі, осыны түсінбей келе жатырмыз... Екінші мәселе, банктегі пайыздық мөлшерлеменің неліктен жоғары екендігін сұрап, оның төмендетілуін талап етпедік. Ешқашан мәселені Үкіметке көлденең қоймадық. Айналып келгенде бәсекенің жоқтығын осы тұста тағы бір дәлелдеп отырмын. Ұзын сөздің қысқасы, мемлекеттің екі-ақ мақсаты болуы тиіс. Бірі – қауіпсіздігі мен тұрақтылығын сақтау. Екінші – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, әл-ауқатын көтеру. Қазіргі экономикалық жағдайымызда онсызда өз-өзін ақтай алатын мұнай-газ саласына сонша тыраштанудың қажеті қаншалықты еді... Басқа да экспорттаушы мекемелер әрине, қолдауды қажетсініп отыр. Алайда Үкіметтің бүйрегі мұнай-газ саласына бұрылды ғой...  Есесіне, халықтың ұлттық теңгеге деген сенімі жоғалуы мүмкін ғой, осындайда. Оның үстіне халықтың теңгеге деген сенімі азайып, керісінше шетел валютасына арқа сүйер болса, ол әрине жақсылықтың нышаны емес. Осы дүрбелең басталғанда қаншама клиент депозиттерін долларға не еуроға ауыстырып үлгерген. Сондықтан халық сенімін қайтару оңайға түспесі анық.  Шынтуайтында теңгенің тұрақтылығы тұтастай экономикамызды кез келген тығырықтан оңай шығуға жетелейтінін айтқым келеді.

zhebe.com

Сұхбат

PhotoRoom