Баймағанбетов бостандыққа шықты

Жаңалықтар
03.03.2015, 14:38

Кедендік бақылау комитетінің бұрынғы басшысы Серік Баймағанбетов мерзімінен бұрын бостандыққа шығарылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

"Мен толық ақпарат бере алмаймын, бірақ оның шынында да босатылғанын растаймын", - деп хабарлады ҚР ІІМ ҚАЖҚ баспасөз қызметінің жетекшісі Ғалымжан Хасенов.

Еске салайық, 2013 жылдың қаңтарында ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің бұрынғы төрағасы Серік Баймағанбетов 80 мың доллар көлемінде пара алуға және қызметтік өкілеттігін теріс пайдалануға айыпты деп танылған болатын. Баймағанбетов қатаң режимдегі колонияда 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Кейін ол Қарағанды облысындағы колонияға жіберілді. Өткен жылдың жазында Серік Баймағанбетов түрмеде соққыға жығылды деген ақпарат пайда болды. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс те қозғалды. Бұдан соң ол АК-159/6 колониясынан Қарағандыдағы тергеу изоляторына ауыстырылды.

Бұған дейін Серік Баймағанбетовке "кеден органдарына функционалдық міндеттерін орындамаған адамдарды жұмысқа алу жолымен" қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланды деген айып тағылғаны хабарланған еді. Баймағанбетов 2012 жылдың 3 ақпаны күні ұсталып, Астана ІІД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот отырыстары барысында кеден саласының бұрынғы басшысы пара алмағанын айтып, өзіне тағылған айыпты мойындамады.

Сұхбат

PhotoRoom