Мырзахметов чемпиондарды қабылдады

Жаңалықтар
03.03.2015, 15:41

Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметов әскери самбодан екі дүркін Әлем чемпионы атанған Арман Оспанов пен оның жаттықтурышыларын қабылдады. Өңір басшысы облысымызда түрлі деңгейдегі спорттық жарыстарда жеңімпаз атанған жерлестерімізді облыс халқы атынан қабылдап, ілтипат көрсету қалыптасқан дәстүр екендігін айтты.

Әлемдік додада топ жарған Арманды ел мерейін асырған жеңісімен құттықтап, 1 млн. теңгенің, оның жаттықтырушысы Бауыржан Оралбековке 500 мың теңгенің сертификатын табыс етті. Облыс халқының 800 мыңдайы жас буын өкілдері екендігіне назар аударған Асқар Исабекұлы жеңімпаз спортшылардың көрсеткен ерлігі жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеудің үздік үлгісі деп бағалады. Мемлекет тарапынан бұқаралық спортты дамыту бағытында ауқымды шаралар қолға алынғандығын, нәтижесінде дәстүрлі спорт түрлерімен қатар, су спорты, садақ ату, көркем гимнастика секілді спорт түрлері өркендеп жатқандығын атап өтті. Бұл спорт түрлерінен облыс орталығында жаттығу базалары қалыптасып жатқандығын айтты. Жұмыс істеп жатқан спорт мектептерінің де материалдық-техникалық базасы таяу жылдары жаңартылатынын мәлімдеді. Кездесу барысында Арман Оспанов елімізде спортты дамытуға айрықша көңіл бөлініп жатқандығын айта отырып, талантты жастардың талабына қолдау көрсетіп жатқан облыс басшылығына ризашылығын білдірді.

ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі 

Сұхбат

PhotoRoom