ОҚО әкімі Жапонияның елшісімен кездесті

Жаңалықтар
03.03.2015, 22:41

Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметов Жапонияның Қазақстан  Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Масаёси Камахорамен кездесті.

Кездесу барысында қос тараптар экономикалық байланыстарды одан әрі нығайту, туризм саласында әріптестік қарым-қатынасты орнату мәселелерін талқылады. Мәртебелі мейман Жапон мемлекеті Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін алғаш таныған елдердің қатарында болғандығын айта отырып, қос ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдың басында орнатылғандығын мәлімдеді. Экономикалық әріптестікті орнату жөнінде қос ел басшыларының ұйғарымымен бірлескен комиссия құрылғандығын атап өтті. Осы жылдар ішінде жапондық кәсіпкерлер Қазақстан экономикасына 6 млрд. АҚШ долларынан астам инвестиция құйып, энергетика, кен өндірісі салаларында ауқымды жобаларды қолға алғанын тілге тиек етті. Оңтүстік Қазақстан облысының экономикалық және туристік әлеуеті жоғары деп бағалап, Қазақстан мен Жапония арасында әуе қатынасы байланысын орнату мүмкіндігін қарастыру жөн деді. Асқар Исабекұлы Оңтүстік өңірге қызығушылық танытқан Жапон елшісіне алғысын білдіре отырып, өңіріміздің жоғары инвестициялық әлеуеті жөнінде кеңінен ақпар берді. Жапония мемлекеті жоғары технологияларды енгізуде әлемде үздік ел саналатынына көңіл бөліп, озық технологияларды бірлесе іске асырудың маңыздылығына тоқталды. Осы орайда облысымызда арнайы «Шымкент инновация» мекемесі құрылғандығын айтып, жапондық кәсіпкерлерді осы бағытта әріптестік байланыс орнатуға шақырды. Экономика және туризм салаларында да қос ел кәсіпкерлеріне тиімді болатын бастамалар көп екендігін айтып, әріптестік байланыстарды одан әрі нығайту бағытында облыс әкімдігі Жапонияда Оңтүстік Қазақстан облысының инвестициялық мүмкіндіктерінің таныстырылымын өткізуге дайын екендігін жеткізді.

Сұхбат

PhotoRoom