Қазақстан президенті болуға ниет білдіргендердің қатарына тағы бір адам қосылды, - деп хабарлайды Тengrinews.kz Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Орталық сайлау комиссиясы Уәлихан Қайсар туралы ақпарат таратқан жоқ. Алайда, "Кенесары" қорының президенті Уәлихан Қайсардың ОСК ғимаратында жүрген көрінеді. Саясаткер бұған дейінгі сайлауда да үміткерлікке кандидат ретінде бақ сынап көрген болатын. Өткен президенттік сайлауда ол мемлекеттік тіл бойынша сынақтан өте алмаған болатын.
ОСК мәліметінше, 5 наурыз күні үміткерлікке Алматының 1971 жылы туған тұрғыны, әскери қызметші Ержан Мерекеұлы Серғазин өзін-өзі ұсынды.
Сөйтіп, ҚР президенті сайлауына үміткер ретінде ұсынылғандардың саны 10 адамға жетті.
Бұған дейін үміткерлікке Астананың 1959 жылы туған тұрғыны, жеке кәсіпкер Асқар Сырғабаев, Астананың 1969 жылы туған тұрғыны, "Рухани қоғам әлемі" қоғамдық қорының президенті Лимана Қойшиева, Астананың 1977 жылы туған тұрғыны, инженер-құрылысшы Бақыт Әбдікәрімов және Астананың 1984 жылы туған тұрғыны, жүргізуші Сухраб Мырзашов, Алматының 1958 жылы туған тұрғыны, қоғам қайраткері Есенбек Өктешбаев, Алматының 1946 жылы туған тұрғыны, зейнеткер Якобжан Жүнісбеков, Астананың 1969 жылы туған тұрғыны, "Астана Мұнай Груп 2007" ЖШС май құю бекетінің бастығы Қанат Жұман өзін-өзі ұсынған еді. Алғаш болып ұсынылған Асқар Сырғабаев мемлекеттік тіл емтиханынан өте алмады.
Үміткерлікке ұсынылушылар қатарына ҚКХП партиясы атынан үміткер Тұрғын Сыздықов та қосылды. Ол 1947 жылы туған, мемлекеттік банк мекемелері жұмысшылары кәсіподағының Ақмола облыстық филиалының төрағасы.
Tengrinews.kz тілшісінің "Жастары 40-қа толмаған екі ниет білдірушіге (Бақыт Әбдікәрімов, 1977 жылы туған, "JH -Құрылыс" ЖШС инженер-құрылысшысы және осы кәсіпорынның қызметкері, 1984 жылы туған Сухраб Мырзашов) қатысты қандай шешім қабылданады?" деген сауалына ОСК хатшысы Бақыт Мелдешов шешімнің бүгін, 6 наурызда қабылданатынын айтты.
Еске салайық, Орталық сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбелік жоспарға сәйкес ҚР президентінің кезектен тыс сайлауына үміткерлерді ұсыну 26 ақпан күні басталған болатын. ҚР президенті сайлауы 2015 жылғы 26 сәуірге белгіленіп отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әзірше өзінің сайлауға қатысуы туралы шешім қабылдай қойған жоқ. 8 Наурыз қарсаңында Астанада қыз-келіншектермен кездескен ол: ""Қазір сайлауалды науқан басталды. Кезектен тыс сайлау өткізу идеясын, негізінен, әйелдер қолдады. Мен бүгінде мыңдаған хат алып жатырмын. Бүгін таңертең үстелімде бір бума хат жатты, хат иелері менен сайлауға өз кандидатурамды ұсынуды сұраған. Менің жеке жоспарым мүлдем басқа болатын, шынымды айтсам", - деді.