Бүгін Орталық сайлау комиссиясының лингвистикалық комиссиясына коммунистік партия атынан Тұрғын Сыздықов келіп, емтихан тапсырып жатыр, деп хабарлайды BNews.kz.
«Бүгін Орталық сайлау комиссиясына сынақтан өтуге Тұрғын Ысқақұлы Сыздықов келіп отыр. Бұл кісі 1947 жылы туған, білімі жоғары, ғалым агроном. Тұрғылықты жері Көкшетау қаласы. Осы уақытқа дейін сайлау комиссиясына өзін өзі ұсынған азаматтар келсе, бүгін бірінші рет қоғамдық ұйым ұсынған азамат келіп отыр. Т.Сыздықовты «Қазақстан коммунистік халықтық партиясы» қоғамдық бірлестігі ұсынып отыр», - дейді комиссия төрағасы М.Жолдасбеков.
Бұрын Президенттік сайлауға түсіп көрмеген Т.Сыздықовқа емтихан ережесін түсіндіре келе, М.Жолдасбеков комиссия алдында үш түрлі сынақ тапсыратынын хабарлады.
«Мемлекеттік тілді еркін меңгергеніңізді дәлелдеу үшін лингвистикалық комиссия алдында үш түрлі сынақтан өтесіз. Біріншісі, Сізге алдын-ала таңдалған тақырыптар беріледі, соның бірін таңдап, жазбаша емтихан тапсырасыз. Екінші, сынақ ретінде қасыңызда тұрған кітаптардан біреуін таңдап, хатшы көрсетіп берген жерді оқып бересіз. Үшінші, сынақта еркін тақырып бойынша әңгемі өрбітеміз», - дейді комиссия төрағасы.
Дәл қазір Т.Сыздықов комиссия ұсынған тақырыптар арасынан «Біздің күшіміз – бірлікте» деген тақырып бойынша шығарма жазып жатыр.