ҚР Президенттігіне үміткер ретінде тіркелген Хасен Қожа-Ахмет мемлекеттік тілді еркін меңгерген.
«Хасен Кәрімжанұлы Қожа-Ахмет мырзаның мемлекеттік тілден тапсырған емтиханының нәтижесін жариялайық деп отырмыз. Өздеріңіз білетіндей, дәстүрлі үш сұрақ болды. Бірінші, жазба жұмысында «Конституция - тұрақты даму кепілі» тақырыбында шығарма жазды. Хасен Кәрібжанұлы оны жақсы, сауаты жазды деп айта аламыз. 4 қате кеткен екен. 1-еу емле, 1-еуі стильдік, 2-еуі тыныс белгісінен. Біз жақсы бағалап отырмыз», - деді ҚР Президенттігіне кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков.
Екінші сынақта үміткер І.Есенберлиннің прозасынан үзіндіні мәнерлеп оқып, комиссия мүшелерінің көңілінен шыққан.
«Үшінші сұрақ - «Қазақ мемлекеттігінің бастаулары». Кейінгі кезде Хасен Кәріпжанұлы тарихпен де терең шұғылданып жүр. Бірнеше кітап жазды. Бұл тақырыпқа да жауап жақсы болды. Сондықтан, лингвистикалық комиссияның шешімі - Хасен Кәрімжанұлы Қожа-Ахмет мемлекеттік тілді еркін меңгерген», - деді М.Жолдасбеков.