Офицерлердің мықтылары қалай анықталады?

Жаңалықтар
18.03.2015, 12:00

Алматы облысында Аэроұтқыр әскерлерінің десантты-шабуыл бригада базасында рота командирлерімен жиын өткізіледі. Жиынға 30-дан аса офицер қатыспақ.

Аталған әскери шараның мақсаты – командирлік даярлау, кәсіби дағдыларды жетілдіру және түрлі әскери пәндер бойынша сынақтар тапсыру болып табылады. Сонымен қатар жиын барысында ротаның үздік командирі анықталады.

Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысының жауынгерлік даярлық бойынша орынбасары, полковник Руслан Мұздыбаевтың тікелей басшылығымен өтетін жиында рота командирлері, яғни аға лейтенант және капитан атағы бар офицерлер сынаққа түседі. Олардың взводты басқаруы жөнінде айтарлықтай тәжірибесі бар. Сондықтан, өзіндік жарыстар кезінде жас офицерлер қызмет еткен кезеңдердегі жетістіктері – кәсіби деңгейі мен жеке қасиеттерін көрсетуі тиіс.

Осыған орай, офицерлер оқ ату, тактикалық және саптық даярлық бойынша сынақтар тапсыратын болады. Өздерінің топографиялық, инженерлік салаларды және миналарды қопару ісіндегі білімі мен қабілетін көрсетіп, дене даярлығы мен психологиялық тестілеуден өтеді.

Бір аптаға созылатын сынақтар мен емтихандардың қорытындысы бойынша Аэроұтқыр әскерлері бөлімдерінің үздік рота командирлері анықталады. Жеңімпаздар Құрлық әскерлері деңгейіндегі рота командирлері арасындағы ауқымды жиынға қатысады. Онда алға қойылған міндеттердің күрделене түсетіні анық. Өйткені офицерлер Құрлық әскерлерінің барлық бөлімдері мен бөлімшелерінің үздік командирлерімен бірлесіп өз әскери біліктіліктерін дәлелдеуге ұмтылады.

Сұхбат

PhotoRoom