Оңтүстіктің Наурызды тойлауы ерекше

Жаңалықтар
19.03.2015, 10:08

Оңтүстікте Ұлыстың ұлы күнін тойлау неліктен тоғыз күнге жалғасады? Тоғыз күннің атауы әр жылы өзгеріп отыруының себебі неде? Bnews.kz тілшісінің осы және басқа да сұрақтарына Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Берік Құрманғали жауап берді.

«Оңтүстік Қазақстан облысында Наурыз мерекесін 9 күн тойлауды жаңадан ойлап тауып жатқан жоқпыз. Қазақтың салт-дәстүрінде бар дүниені қайтадан қазіргі заманауи үлгіде жаңғыртып отырмыз. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің еңбектерінде наурызнама деген айтылады, бар. Наурызды ата-бабаларымыз әр күнге әртүрлі ат беріп атап өткен. Ал біз қазіргі заманға сай бір, екі күнмен шектеліп жүрміз. Батыс жұртшылығы –маңғыстаулықтар, оралдықтар, атыраулықтар амал күні, көрісу күні деп наурыз айының басынан бастайды», — дейді Берік Құрманғали.

Берік Уәлиұлы аймақта Ұлыстың ұлы күнін тоғыз күн атап өтуді облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасымен осыдан 3 жыл бұрын қолға алынғанын айтады.

«Өңірде әр жылы 14 наурыздан мейрам басталады. Тоғыз күнге тоғыз түрлі атау беріп, атап өтіп жатырмыз. Бұл дәстүр қазіргі таңда жалғасын табуда, — дейді басқарма басшысы. – Күндердің атауына келетін болсақ, қатып қалған қағида жоқ. Тоғыз күннің атауы аптаның күніне сәйкес өзгеріп отырады. Айталық, биыл 14 наурыз сенбі күніне сәйкес келгендіктен мейрамды «Алас» күнінен бастадық. Яғни, «Алас» тазару деген мағына береді. Қала, аудандарда жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылғаны да содан».

 

Сұхбат

PhotoRoom