Оңтүстік Қазақстан облысының ішкі саясат және дін істері басқармасы «Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне» орай бұқаралық ақпарат құралдарындағы үздік жарияланымдар номинациясы бойынша конкурс жариялайды.
Конкурсқа облыстық, аудандық, қалалық баспа және электронды бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері мен республикалық БАҚ өкілдері, облыстағы меншікті тілшілер қатыса алады. Байқаудың мақсаты - мемлекеттік ақпараттық саясатты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кеңінен насихаттау және облыстың әлеуметтік-экономикалық даму барысын, түрлі салалардағы жетістіктері туралы республикалық, облыстық БАҚ-да оң имиджді материалдар жариялау болып табылады. Конкурсқа 2015 жылдың басынан бері жарияланған материалдар қабылданады. Конкурсқа жолданған құжаттар арнайы құрылған комиссияда қаралады. Байқау жеңімпаздарына «Алтын микрофон», «Алтын қауырсын», республикалық телеарналар арасында «Ең үздік аймақ тілшісі», республикалық басылымдар арасында «Ең үздік аймақ тілшісі» номинациялары беріліп, 500 мың теңгенің сертификаты тапсырылады. Ал «Үздік телеарна», «Үздік басылым» номинация жеңімпаздарына 1 миллион теңге көлемінде қаржылай сертификат табыс етіледі. Конкурстың толық ережесі «Оңтүстік Қазақстан» және «Южный Казахстан» газеттеріне және басқарманың isb.ontustik.gov.kz сайтына жарияланады.