Түрік әскери қызметшілері Отардағы танк бригадасында болды

Жаңалықтар
20.03.2015, 14:49

Түркияның әскери инспекторлар тобы Отар гарнизонының Гвардейск әскери қалашығында орналасқан 12-ші танк бригадасын тексерді. Бақылау-тексеру жұмыстары ҰҚЫҰ әскери-саясат өлшемі аясындағы сенімділік пен қауіпсіздікті нығайту шаралары туралы 2011 жылғы  Вена  шартының ережелеріне сәйкес  жүргізілді.

Түрік әскери қызметшілері  қару-жарақ және әскери техникалардың басты түрлерімен, бригада инфрақұрылымы мен жеке құрамның  тұрмысымен жете танысты. Сондай-ақ оларға бөлімшенің міндеттері мен құрылымы туралы брифинг ұсынылды. Тексеру барысында түркиялық инспекторлар Қазақстан Вена шартының талаптарын толықтай орындайтынын мойындады. Бұл өз кезегінде мемлекетіміздің халықаралық шарттар мен келісімдер аясында алған міндеттерді мүлтіксіз орындайтындығының дәлелі.

Шетел инспекторлары қазақстандық әскери қызметшілердің кәсіби біліктіліктері мен жауынгерлік дағдыларын жоғары бағалады. Шетелдік инспекторлар тобын ҚР ҚМ Қару-жарақты бақылау және инспекциялауды қамтамасыз ету жөніндегі орталықтың офицерлері алып жүріп, таныстырды.

Естеріңізге сала кетсек, ағымдағы жылдың ақпан айында ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілдері Германия территориясында орналасқан бөлімдердің әскери қызметін тексеру бойынша іс-шаралар өткізген болатын. Тексерудің мақсаты - аталған аймақтарда (Берген, Мунстер-Норд және Мунстер-Зюд полигондарында) алдын-ала хабарлауға жататын әскери іс-қимылдың бар немесе жоқтығын тексеру.

Сұхбат

PhotoRoom